Олар – терек түбінде – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Олар – терек түбінде» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 830
Бәйтерек тұр жапырағын
Сырға дайын тізілтіп ап,
Құстар шырқап жатыр әнін
Сыбызғыдай үзілтіп-ақ.
Мойыл, терек мың құлпырып,
Мөлдіреп бір дала жайнап
Тұрғанына жаны ұмтылып,
Суретші ойы кетті самғап.
Жас суретші сұлулықты, –
Сонша әдемі дүниені
Жасап маған шығу тіпті
Оңай ма, деп именеді?!.
– Әне жерін нәзік сырла,
Мына жерін қалың боя... –
Деп, қарт шебер салып сынға,
Баланы тұр баулап ойға.
Томағасын отыр түре
Түлек бейне құс бегінен,
Тарлан, – сондай шәкіртіне
Әлі үйрете түскені жөн...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері