Өлең, жыр, ақындар

Тарас Маңғыстауда

  • 10.07.2022
  • 0
  • 0
  • 480
I
Тас қыздырып, даланы аптап күн күй
Теңіз жары қабақ түйген тұр биік,
Лашықта бір батқан күнге қадалып
Отыр Тарас ауыр ойда тұңғиық...
Ымырт түсе түйіп қалың қабағын,
Жарғақ бетті сыйқын көріп даланың:
«Қураған қыр өмірі бұл – өмір ме?» –
Деп күйзелген шолып жапан алабын.
Маңғыстаудың өзгеріп тез бояуы
Шілдеде ыстық шөбі қурай қояды...
Күзде үйлері бүрсең қағып, аспанда
Бүркіт ұшса, қорқа зытқан қояны...
Осынау бір жанап түзді маңайды
Әлсін-әлсін Тарас толқып қарайды,
Осы аранын, шөл құмымен, ел мұңын
Ойлап Кобзарь еске алады талайды...
Ой үстінде тербетіліп өзі де
Украинасын елестетіп көзіне:
Көк орманын, күнбағысты даласын,
Ел қайғысын түйеді ішке сезіне.
Сөйтеді де, аңдып тұрған жоқ па деп,
Тасаланып бақылаушы жоқта кеп:
Дала көркін, қазақтың жас баласын
Суретке салады бей уақта кеп.
Суретке түсіреді ол ананы,
Лыпасы жоқ тыр жалаңаш баланы,
Маңғыстаудың мұңды қалпын, ел салтын
Салады да, мұңайып бір қалады...

II
Қолында оның болса билік – құдірет,
Елге жерді, еркіндікті берер ед, –
Өзі, бірақ, – жел аударған қанбақтай,
Әттең, дүние-ай! – айдауда тек не керек?
Сенімімен, деген – «Жарқын күн шығар»,
Ел бағының кезін күтіп бір сынар,
Қалды отырып ақын алыс жылдардың
Түнегінде мүлгігендей бір шынар.

III
Украинаның бұлбұл ақын Тарасы,
Тұрып бүгін Маңғыстауға қарашы,
Тасты жара, тасқын ата мұнайы,
Жаңғырып-ақ кетті қазақ даласы.
Сенін отты өлеңің қол бұлғап бір, –
Кең даламның үстінде күй толғап тұр,
Абай жырын тыңдағандай Днепр,
Тарас жырын кәрі Каспий тыңдап тұр!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Назерке

  • 0
  • 0

Шахзаданың сүйген қызы отырып,
Айтты назды қасына алып сүйгенін:
«Мені сүйсең туғаныңды өлтіріп,
Әкел маған айырып бас сүйегін».

Толық

Ленин туралы жыр

  • 0
  • 0

«Аврора» сонау бір кез...
Неваның,
Сарайына патшаның
оқ атқаның,

Толық

Кавказға саяхат

  • 0
  • 0

Мен Кавказға жол тартқанда
Көргім келді тауларын,
Түлеп өсіп ұрпақтардың
Тауда туған ұлдарын.

Толық

Қарап көріңіз