Мақаш қала – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Мақаш қала» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1252
Поезбенен біз өткенде
Дағыстанның жерінен,
Күміс Каспий құшақ жайды
Мақашқала өрінен.
Поезбенен біз өткенде
Кемерімен Каспийдің,
Орғып жатқан ақ толқынды
Көрдік теңіз тасқынын.
Күн мен Каспий шағылысып.
Көгала бұйра толқыны;
Төсін сүйе шағала ұшып,
Құсқа толған қолтығы...
Сұлу теңіз сырғып ағып,
Ақ көбігін аспанға
Атып жатты, жарын ұрып,
Ұсап інжу шашқанға.
Теңбіл теңіз төңкеріліп,
Тәжім ғып бас игендей,
Күміс толқын паровоздың
Доңғалағын сүйгендей.
Көк теңізді, Дағыстанның
Жерін көрдім бұлғынды.
Толқынынан туғызған зор
Сулаймандай бұлбұлды.

1937


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері