Өлең, жыр, ақындар

Есік көл

  • 12.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1053
Бұл не деген ғажайып көл,
Тау басына орнаған?
Желпи сүйіп тек самал жел
Толқынымен ойнаған.
Айнала құз, кемері тас
Көл дөңгелек айнадай,
Қызыққаннан құмар қанбас
Шабытты жыр арнамай!
Сұлулықтан махаббатқа
Көл сезімді өсірген.
Жаратқанда табиғат та
Танған шығар есінен...
Талай ғашық келген шығар
Осы көлдің басына,
Жолығысып жүрген шығар
Сүйеніп жартасына;
Талай жігіт бұл көліңнен
Жүйрік атын суарып,
Талай сұлу көздерінен
Сүйген шығар бұралып...
Кім біледі екі ғашық,
Әлде, мұнда жатты ма?
Сүйісе алмай мауқын басып,
Әлде, суға батты ма?
Есік көлде қудай жүзіп,
— Үстінде біз қайықтың,
Сұлулығын көзбен сүзіп,
Көрдік көлін тарихтың.
Мұндай сурет жасай алмас
Суретші де, ақын да,
Не ғажайып кіршік шалмас,
Сыймас көркі ақылға.
Қарап тоймас адам көзі,
Шабыттанар ақылы.
Мұны істеген өмір өзі
— Сұлулықтың ақыны!
Осьі Есік көл емес жалғай
Алматының қасында,
Менің де өмірім күндей жайнай
Көркейді көл басында.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаңа жыл түні

  • 0
  • 0

Өткен жылдың күнін көзден
Ұзатып сап көкжиекке,
Қарап алға нұрлы жүзбен
Шықтық тағы біз биікке.

Толық

Ұрлана қарап сығалай

  • 0
  • 0

Суық бір күзгі түнде ұйықтап,
Ояна келсең ертеңмен,
Көрінсе көзге — тұйықтап
Қар жамылған жер түннен —

Толық

Миллион толқын

  • 0
  • 0

Мың-мың қолдар, миллион милар,
Милар миллион қимылда,
Миллион толқын,
Толқын миллион

Толық

Қарап көріңіз