Аян мен Айлақ хикаясынан
I
Құшақ жайған қиялды жан
Көктегі алтын сәулеге.
Аққу сынды сұлу іздеп
Түскен қасірет, әуреге...
Бұл әурені «Кім» десеңіз,
Жоқ іздеген бұл бір жан.
Бұл «бір ақын» — бірде ақ болат,
Бірде жібек үлбір жан.
Кез келгенді көпшілікше
Бұл тәкаппар сүймейтін.
Көңілі шын сүймегенге
Менмен басты имейтін...
Көкте жұлдыз, жерде құндыз
Бұл әуренің сүйері.
Аққу сынды ақ періште
Сүйіп басты иері.
Бір моншақты жерден тауып,
«Осы, — деді, — жұлдызым».
«Міне, — деді, — іздегенім,
Осы — деді құндызым».
Амал нешік, қиялшыл жан
Жұрттың сөзін алмады.
«Мұның жұлдыз емес», — деген
Сөзге құлақ салмады.
«Мұнымен тек ойна да ғой», —
Дегендерге қоймады:
Аққу құс деп құшты әлгіні,
Қиялшыл жан тоймады.
Әлгі құс та әуре ақынға,
Жан-тәнімен берілді.
Құшақ жайып еркеледі,
Манаурады, керілді.
«Бұл кім?» — десең, бұл — бір әйел,
Болмай жүрген байы нақ.
Әуре ақынның оны сүйіп,
Қойған аты «Айлақ»...
Құшқан сайын «жаным сен» деп,
Ақынды бұл сендірді.
Қиялшылды диуана ғып,
Бір мұнарға ендірді.
Тәтті өмірді қосты екеуі
Жазғы орманның сәніне.
Мас махаббат маужырады,
Бұлбұлдың шатты әніне.
Неше түрлі сыр айтысты.
Жаздың жібек түніне.
Бақытты үнді, сыбыр қосты
Судың сылдыр үніне.
Сүйтіп қызықты айлар өтті,
Жылжып тәтті жыл өтті.
Бір күні бұл екеуіне
«Қасақы сұм тіл өтті».
Бір күндерде Айлақтың
Суық сөзі білінді.
Әуре жанның жүрегі енді
Уланды да тілінді.
Сүйтіп енді бұл оқиға
Міні осындай сөз болды.
Әуре басқа іздеп алған
Ауыр күйік кез келді...
Сүйгенінен бір күн ақын
Мұздай суық сөз алды.
Маңдайына мұз тигендей
Отқа толды көз алды.
«Бақытсыз жан» «алтын сәуле»
«Ғашығынан» айырылды.
Астам тілек «қос қанаты»
Морт үзілді, қайырылды.
Барлық тілек, бар махаббат
Жүрекке кеп тығылды.
Қолынан хат түсіп жерге,
Сылқ етті ақын, жығылды...
Ақ мамығым, аққуым деп,
Сүймеуші ме ем, қалқашым!
Ақ үлдірім, жәнікейім деп,
Құшпаушы ма ем, қалқашым!..»
Жүрек шіркін бекер сонша
Ойран болып туладың,
Көңіл шіркін ұрынбасқа
Текке ұрынып уладың!
Шіркін жүрек болмап едің
Достың айтқан сөзіне.
Тек бір құсты аққу деген
Өз обалын өзіңе.
Қиялшыл жан, неге салдың
Текке әуреге басыңды?
Кірсіз сұлу таба алмадың,
Мейлің, ағыз жасыңды.
Ақын шіркін, сен диуана,
Не көрінген көзіне?
Боз моншақты жұлдыз деген
Өз обалың өзіңе!..
II
«...Шын махаббат іздеу сұм дерт,
Жар жүректің жарасы.
Қиын қасірет табылуы
Дерттің біту шарасы...»
...Бұл дүниеде шын махаббат іздеудей дерт бар ма екен?
Сол дертті тез бітіруге
Дәрмен іздеу ар ма екен?
Ондай дертті жазатын жан
Жер түбінде болса да,
Аян соны іздеп еді,
Жолы — «жауға» жолса да.
Соған барып жалынар ед,
Мазақ қылып күлсе де.
Жазам десе шыдар еді,
Көкірек бауырын тілсе де.
Дер еді Аян:
«Тез сөндірсең,
Жүректегі өртімді.
Не бол десең, сол болайын —
Тек ұмыттыр дертімді!..
«Келемін» деп келмей кеттің
Өзің сүйген Аянды...
Талай сертті ыстық сөзің
Болмады ма баянды...
III
Сүйгенімді таңдатса
«Тілегіңді ал дүниеден» деп,
Бір-ақ қана сүйгеніңді
Береміз деп аңдатса.
Көк «ұжмағын» талақ қылып,
Бір-ақ тілек қылар ем.
Еш нәрсеге мойын бұрмай,
«Аққуымды» алар ем.
1932-жыл, 19 маусым. Лагерь.
ІV
«А...
30/ VI — 32 жыл. Лагерь.
І .Хат жаздым қалам алып, жаным, саған,
Хат жазбақ парыз болды енді маған.
Парыздан құтылуға жаза салғаным жоқ,
Жазамын сағынғаннан, амалым жоқ.
II. Ақ көлмектің соқтым алмен
Мен сені тең көрмеймін ешбір жанға.
III. Жарасқан күміс білезік білегіме,
Қашан мен жетемін ойлаған тілегіме.
Жазған Айлақ.
V
«Не қылдым, есті осынша алдырғандай?
Өкінтіп ақырында налдырғандай?
«Жұлдызың іздеп жүрген нақ осы» деп
Тұрақсыз ұшқынға көз салдырғандай?
Не кегің бар жолдан мені тайдырғаның?
Мені арзан ұшқынға қол жайдырғаның?.
Алдантып былғанышқа былғандырып,
Шындықпен иман нұрын шайдырғаның?..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі