Өлең, жыр, ақындар

Қауіпті достар

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1899
Жауыздың алдар кезде тілі тәтті,
Көрінер балдан зия инабатты,
Кіріп ап іші-бауырына бір момынның, 
Қолына түскеннен соң зар жылатты.
Келеді ең әуелі шынын айтып,
Жамандық етпестей боп енді қайтып,
Аппақ боп судан шыққан сүйріктей-ақ
Білгізбес залымдығын тілмен байытып.
Қиылып тұрар шіркін ант-су ішіп,
Өлем деп сенің үшін отқа түсіп,
Алғасын соңына ертіп оңашаға
Тап берер ұялмастан залым күшік.
Үшеу сөз үлгі бізге жақсылардан,
Пайдасын милләт алса не дүр арман,
Мысалы ғибраттың хикаяты,
Бір қора қойға келген қасқырлардан.
Қасқырлар қойға келіп етті сыбыр,
Сіздерге еткеніміз біздің, жәбір,
Қалмасын қойшың біліп, итін, сезіп,
Келіп ек достасуға осында бір.
Рияны тастап айтайық сөздің шынын,
Тазалап кірін жуып ішін-тысын
Қойшы мен сені баққан төбетіңнің
Тиеміз біз сіздерге қорлығы үшін.
Жамандық ойлағаны бізге олардың,
Қолынан келсе етпейтін жоқ қаһарың,
Сіздерді момын байғұс, еңіретіп
Ызасын алып жүрміз біз солардың,.
Сөзіміз біздің сізге барымыздың,
Келгені сол-ақ болды халымыздың,
Қойшы мен итті тастап қырға шықсаң,
Қызмет етер едік жанымызбен.
Әркімге берсін алла сәләмәтті,
Жақсылық ниетпен көп шындықты айттық,
Сендерге кім тиеді, ойлаңдаршы,
Оңаша шыққаннан соң бізден батып.
Қасқырдың бұл сөзіне қойлар нанды,
Байғұстар не себепті есін танды?
Қорадан ақырындап шұбырумен
Ешкімге білдірместен қырға барды.
Жан ашып бұларға енді болысатын,
Бақташы итіменен кейін қалды.
Сол еді тілегені қасқырлардың,
Қойлардың бұл ісіне көп қуанды.
Достарын оңашаға шығарып ап,
Бірін де тастамастан қырып салды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қасқыр менен қозы

  • 0
  • 0

Ашығып қасқыр байғұс іздеп тамақ,
Қыдырып жер қоймады күн-түн сабап;
Далада бір хайуан кез келмеді,
Ауылға жуытпады иттер қамап.

Толық

Мектепке шақыру

  • 0
  • 0

Балалар, жиналыңыз мектепке ерте,
Мәз болмай деген сөзге «мырза, ерке».
Бұл кезде өнерлі адам өрге шықты
Зат емес надан кісі алар текке.

Толық

Бүркіт әм ара

  • 0
  • 0

Араны гүл жапырақтың басындағы,
Бақшада ұясы бар қасындағы,
Бір бүркіт тәкаппаршылық көңілімен
Көргесін аяған боп сөз сұрады.

Толық

Қарап көріңіз