Секенге сүйсіну – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Секенге сүйсіну» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Туласа тұла бойда текті қаның,
Селдетіп ақ жаңбырын төкті жаның.
Аузынан ата күйдің түскендейсің,
Аруағы аян беріп Кетбұғаның.
Тәңірдің сыйлығындай сендегі өнер,
Қызығын пәнидегі пенде көрер.
Шанақта шалқар теңіз үйіріліп,
Ұшында саусағыңның дөңгеленер.
Қапысыз ғұмыр кешіп күймен ғана,
Еншіңе ризасың тиген дара.
«Көке!» деп көңілімді көтересің,
Көкейге көптің сырын түйген бала!
Баурайсың балдай тәтті күй тілімен,
Сезімнің жанға жұмбақ сиқырымен.
Көзінен керегенің күй төгілді,
Өлеңнен өзіңе арнап үй тігіп ем.
Болмаса ойда қуат, бойда намыс,
Жеткізбес өнер жолы айдан алыс.
Өрнекті өмір деген домбыраның
Тиегі тартқан сайын тайғанағыш.
Шаңдатып әлдеқайдан шұнақ құйын,
Бұзбасын тіршіліктің құлақ күйін.
Ән­-күйсіз қаңыраған дүниенің
Бағасы, бауырым­ау, бір-ақ тиын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері