Кімге күлу керек? – Ескен Елубаев

Бұл бетте «Кімге күлу керек?» атты Ескен Елубаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Достар қатар жүргенде,
Жақсы өзара күлген де.
Бiрақ та, күл
Жөнiмен
Себебiн тек бiлгенде.
Жазда қарап жатпадық,
Шомылуға аттандық.
– Жүземiз, – деп балықтай, –
Жүр кейбiреу мақтанып.
Келе сүңги жөнелдiк,
Болсын қанша тереңдiк.
Жағасында өзеннiң
Рақатқа кенелдiк.
Суға жүзе алмайтын,
Терең жерге бармайтын,
Күлдiк сонда,
Асқарға,
Арамыздан қалмайтын.
– Несiн, – дедi ол, – күлесiң,
Тау мен таста жүресiң.
Таулы жерде туғанмын,
Қалай жүзе бiлесiң?
– Неге керек ерегес,
Бұған күлу жөн емес, –
Деп күлгендi доғардық,
– Кiнəлi оған сен емес...
Суға жүзе алмайтын,
Терең жерге бармайтын
Күлдiк сонда,
Айдарға,
Арамыздан қалмайтын.
– Несiн, – дедi ол, – күлесiң,
Құм шөлейтте жүресiң.
Шөлдi жерде туғанмын,
Қалай жүзе бiлесiң?!
– Неге керек ерегес,
Бұған күлу жөн емес, –
Деп күлгендi доғардық,
– Кiнəлi оған сен емес.
Суға жүзе алмайтын,
Терең жерге бармайтын,
Күлдiк сонда,
Ақанға,
Арамыздан қалмайтын.
Ақан болды шын күлкi:
– Жарасымды бұл күлкi.
Суға жүзе бiлмеуiң
Айналайын, тым түрпi!..
Бұған құлақ түремiз,
Күлсек,
Саған күлемiз.
Сен туған жер –
Өзеннiң
Жалғасы ғой, бiлемiз.
Тұрды ол сылтау айта алмай,
Ақталып та, жалтармай.
Күлдiк оған,
Күлдiк бiз,
Жаз бойына алты айдай...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері