Өлең, жыр, ақындар

Әділдік

  • admin
  • 31.03.2024
  • 0
  • 0
  • 327
Жау жағадан алғанда,
Ел бүлінбей қалған ба?
Ен далада жүретін,
Қашты маңнан аңдар да.

Қан басып көк бұйратты,
Сан шаңырақ қирапты.
Қолға түскен жандарды,
Жау аяусыз қинапты.

Жерге тірі көміпті,
Сан бөлшектеп бөліпті.
Батырлары қазақтың
Қарсыласып өліпті.

Төзіп жүре бермек пе,
Айналмақ па ермекке?
Жиналыпты кіл ерлер,
Кек қайтарып келмекке.

Тұлпарларын жаратып,
Жал кекілін таратып,
Қол жауына аттанды,
Қалған кезде таң атып.

-Қазір жауға жетеміз,
Елін тәрк етеміз.
Сәбилерге тимелік,-
Деді батыр Өтеміс.

Байлыққа бір кенеліп,
Малын айдап келелік.
Елге аман жеткен соң,
Үлестіріп берелік!

Олар шеттен жайпады,
Күшін жаудың байқады.
Өртеп ханның ордасын,
Шаңырағын шайқады.

Қапыда жау сасады,
Талайы құм асады.
Тірі қалған кейбірі
Бұқпантайлап қашады.

Айқай,
У – шу,
Қым – қуыт,
Бас жарылып, сынды уық.
Тіпті қайсыбіреулер,
Мал, көлікті жүр қуып.

«Жауы ғой бұл мазақтар,
Сәбиін де азаптар!»
Қайтты кешке мал айдап,
Жеңіп жауын қазақтар.

* * *

...Күндіз емес, түн іші,
Қандай ыстық құм іші.
Тарылады адамның,
Дем алғанда тынысы.

Таусылмады құм бірақ,
Кездеспеді бір бұлақ.
Қалың қолдың алдынан
Тұрды әлсіз от жылтырап.

Қол сол отқа бұрылды,
«Әккі жау ма жырынды ?»
Жігіт екен жалғыз ол,
Бұйра шаш, қыр мұрынды.

Жалаңаштап білегін,
Алысардай тұр «ерің».
Иыққа асып тастапты
Атының ол жүгенін.

«Жөніңді айт тез, кетеміз»,-
Деді батыр Өтеміс.
Тапжылмастан тұр жігіт –
Не қайсар жан, не кеміс.

Жау жігіті денелі,
Оған жақын келеді.
Өтеміске ымдады,
Ол – мылқаумын дегені.

Біреу айтты қабарып:
- Болсын тосын жаңалық.
Бәрібір ол мылқау ғой,
Тілін кесіп алалық!

Бейне таудың қыраны –
Жігіт үнсіз тұр әлі.
Мылқаулығын «тұтқынның»
Олар әбден сынады.

Бір жұтар су керегі,
Қол қиналып келеді.
Мінген аттарының да,
Кенезесі кебеді.

Тұтқын қолын көтеріп,
Белгі берді жөтеліп.
Көп алдында еркін тұр,
Кетті ме әлде «еті өліп».

Жалт етті де жанары,
Жерге ол кенет қарады.
Дәмін татып бір шөптің,
Қолға күрек алады.

Жалт – жұлт етіп күрегі,
Қуқыл тартып реңі.
Құм түбіне құлықтай
Жігіт те тез сіңеді.

Су жоқ еді бір ұрттам,
Атты міне күліп таң.
Жау жігіті ымдады,
Ішіңдер,- деп,- құдықтан.

Суға бәрі қанады,
Жатып тыным алады.
Бір азаптан құтқарған,
Мына жігіт жарады.

Болды риза бәрі де,
Албырт жас та, кәрі де.
Алғыс берді «жауына»,
Көп ғұмыр кеш әлі де!»

Көк аспанда күн жүзді,
Сағым ойнап, құм қызды.
Ал, жігітті қазақтар,
Арғымаққа мінгізді.

«Болған жайды айта бар,
Мына көлік сай саған.
Жолың болсын,- деді олар,
Тез еліңе қайт аман!»

Құм да қалды қапталда,
Шексіз дала жатты алда.
Ертесіне қазақтар
Жетті елге күн батқанда.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Фа

  • 0
  • 0

Түсте, кеште, таңымда
Тұрсын деймін көкте Ай, Күн.
Екі жағым – қабырға,
Дәліздегі доптаймын.

Толық

Ноталарды табамыз

  • 0
  • 0

Сидоров пен Симонов,
Әуелден де зерек-ті.
Нән зереңмен су құйып,
Аялапты теректі.

Толық

Ми

  • 0
  • 0

Еріп жолдас – жорама.
Жастай әуен, күй кештім.
Мисыз адам бола ма,
Ұмытпайды «ми–ді» ешкім.

Толық

Қарап көріңіз