Өлең, жыр, ақындар

Төртінші суайт (І)

  • admin
  • 10.04.2024
  • 0
  • 0
  • 204
Оқырманы піл кілең,
Өткерген жүз ғасырды.
Бір кітапты сілкіп ем,
Нүкте, үтір шашылды.

Сүйемелдеп кекілік,
Хор айтқанда боталар,
Қуанғаннан секіріп,
Билеп кеті ноталар.

Ине қылып сүйменді,
Жіпше иіріп жалбызды.
Орнына түймемнің
Қададым мен қарбызды.

Көп қой менің күшім де,
Буды аяқпен таптадым.
Тоңазытқыш ішінде
Қызыл шоқты сақтадым.

Бір үйірін жылқының,
Жол дорбама қамадым.
Көлеңкемнің жыртығын
Ай нұрымен жамадым.

Көргеннен соң көзімен,
Жұрттың бәрі таң қалды.
Күннің көлеңкесімен
Саптадым мен балғамды.

Бір тынбаймын, мен ертең,
Сеніңіздер сөзіме.
Билет сатса көлеңкем,
Концерт қоям өзіме.

Ұшып жүрген бүркіттен,
Арлан қасқыр қарғыды.
Қисық-қисық мылтықпен
Дәл көздедім әлгіні.

Ерте игердім ғылымды,
Суды сығып жуа алдым.
Шөлдеген бір шілімді
Көз жасыммен суардым.

Тышқанды ерттеп алдым да,
Қайырдым мың жылқыны.
Мұзға сүйкеп қалдым да
Тұтандырдым шырпыны.

Жүз мың өрме қамшыны,
Досыма әкеп сыйладым.
Күннен түскен тамшыны,
Елгезермен жинадым

Аяз күні тоңып піл,
Саңылаумен үйге енді.
Мен кенеттен қорықтым,
Пана қылып түймемді.

Тамақ ішпей тоғыз күн,
Тәтті әуенге бойладым.
Ысқышымен қобыздың
Күйсандықта ойнадым.

Сұмдықтың да түрі бар,
Болған шақта таң алды,
Тонап кетті ұрылар
Тыр жалаңаш адамды.

Жатып алып жайланып,
Не келсе де қылғыған.
Өзіне-өзі байланып,
Өліп қалды бір жылан.

Кеше түнде інгенім
Шоқты жұтып, шайнады.
Ал сонан соң білгенім,
Қарын суы қайнады.

Ертеңгілік тың күшпен,
Тәсіл тауып сан түрлі.
Қылға кір қыстырғышпен
Іліп қойдым нән пілді.

Күндіз-түні жасырып,
Айға сүртіп көз жасын.
Қолтырауын ашығып,
Жұтып қойды өз басын.

Тақтаға ұзақ бөгеліп,
Мұз суретін салып ем.
Күн шілдеде ол еріп,
Айрылдым мен бәрінен.

Мұндайлардың көзін бақ,
Жаман екен ырымы –
Өз киімін өзі ұрлап,
Ұсталыпты бір ұры.

Сот алдына шығарып,
Айыпты деп қабанды.
Ертіп кетті куә қып,
Біреу өлген адамды.

Мұзтаудан, күн күйдірген,
Таптым жылан сүйегін.
Ешкі сүтін құйдым мен,
Желініне түйенің.

Менің қандай кең өлкем,
Шаптым мініп қаязға.*
Бірақ тасып көлеңкем,
Төгілгені аязда.

Кенгуруды бақтым да,
Салып қойдым тымаққа.
Шырпы дәнін жақтым да
Жалау қылдым бір апта.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ізгілік нұры

  • 0
  • 1

Деп «бұл дұшпан басынды»,
Екі жақ та тасынды.
Түрікмендер, қазақтар
Қырқысқан бір ғасыр-ды.

Толық

«Атан жарыс»

  • 0
  • 0

Күтумен сын сағатты,
Қиындықты көп көріп.
Атандарын жаратты,
Тату достар – Бек, Берік.

Толық

Аударыспақ

  • 0
  • 0

Жарау аттар осқырып,
Тұр тартқызбай шылбырын.
Сом білекті қос жігіт,
Аудармақшы бір-бірін.

Толық

Қарап көріңіз