Көлсай – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Көлсай» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 3429
Асқар тау аймаласып ерке күнмен,
Айнала сыбырлайды ертегi-үнмен.
Бұлттары еркiн қалқып, шудаланып,
Төменде аспан жатыр төңкерiлген.
Атағы жерде де емес, айда жүрер,
Апыр-ай, Көлсай ма осы, сайдағы көл?
Ахахай, шалқы шабыт, серпiл көңiл,
Соқ жүрек, тасы қаным, қайна жiгер!
Қарағайын тербетiп, гүлiн тағып,
Көл жатыр самал желмен дiрiл қағып...
Тiрлiктiң таусылмайтын әуресiнен,
Мұндағы бiр-ақ сәттiк ғұмыр жарық...
Сәлден соң iңiр түсiп, түн келедi,
Асқар шың зораяды, түрленедi.
Көлсайдың бетiне кеп тiзiледi
Жұлдыздар жоғалтқандай бiрдеңенi.
Осындай жұмақ мекен қайда тағы?
Көлсайды құшып сүйiп ай батады.
Жағада қол ұстасқан ғашықтарға,
Осы шақ нұрлы өмiрдi ойлатады.
Шұғыла-арай сыйлап қабақтарға,
Еркелей, емiрене қарап тауға,
Түндегi ғашық сырын құпия етiп,
Көлсай көл оянады таң атқанда...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері