Жоқсың сен үйде де, тыста да – Есей Жеңісұлы

Бұл бетте «Жоқсың сен үйде де, тыста да» атты Есей Жеңісұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.08.2021
  • 0
  • 0
  • 841
Жоқсың сен үйде де, тыста да,
Дедің бе: «Іздесін, ойласын».
Көңіл – күз, сағыныш. Қыс – дала,
Қайдасың, қалқа қыз, қайдасың?
Екеуміз еге едік сезімге,
Уақыттың сынымен екшелер.
Қайтесің, ойланған кезімде,
Жүрегім жарылып кетсе егер?
Жарылып кетсе егер жүрегім,
Іздейтін бе едің сен себебін?
Әлде сәл түнеріп реңің
Дейсің бе: «Кінәлі мен едім»...
Екеуміз сезіммен егіз бе ек,
Бақытын тапқандай жанымыз.
Қаладан, даладан сені іздеп,
Кеудемді тебеді сағыныш...
Әдемі сыр айтам өзіңе,
Уақыттың тізгіндеп көп көшін.
Қалқатай, көрінші көзіме,
Жүрегім жарылып кетпесін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері