Бəйгеден келе бермес малдың бəрі – Шал Құлекеұлы

Бұл бетте «Бəйгеден келе бермес малдың бəрі» атты Шал Құлекеұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бəйгеден келе бермес малдың бəрі,
Қатарға ене бермес жанның бəрі,
Кешегі жиырма бестің дер шағында
Келісіп тұрушы еді сəннің бəрі.
Асу-асу жерлерді арыстадым,
Қайда дүбір бар болса қалыспадым,
Кешегі қас батырлар, қайран жақсы,
Алдында хан, қараның қарыштадым,
Бұл күнде көңілім ауыр – қорғасыннан
Өткіздім жігіттікті мен басымнан.
Сауырда су төгілмес боз жорға едім,
Тарлан тарта танбайтын жорғасынан.
Өткен еске түскенде құлазимын,
Ақ киіктей айрылған ордасынан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері