Арғымақ аттың белгісі – Қожаберген жырау

Бұл бетте «Арғымақ аттың белгісі» атты Қожаберген жырау жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Арғымақ аттың белгісі
Иесін жауда қалдырмас.
Қуғанда жетер ұзатпай,
Алдына қара салдырмас.

Тұлпар аттың құйрығы,
Сатса жібек, кессе қыл.
Шаһыбаз жігіт белгісі,
Түзде мырза, үйде құл.

Жүзі қараның сылдыр сөзі,
Су түбіне кетірер.
Қыздырманың қызыл тілі,
Сүйгеніңнен кетірер.

Қарап тұрсаң әлеумет,
Ғадыл бидің кегі жоқ.
Білімді туған жігіттің,
Әрбір істе кемі жоқ.

Ғазазілдің сөзіне ерсең,
Басыңа бейнет болады.
Жанашыр бөз берсе,
Үстіңе көйлек болады.

Мырзаға бақ жарасады,
Батырға жақ жарасады.
Аталы ерден ұл туса,
Жақсыларға жанасады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері