Өзім туралы – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Өзім туралы» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ағайын, ай мен күннің аманында,
Дұшпанның қала алмадым табанында.
Әзірге ауыл-аймақ дән разы,
Ұшырған өз қолынан «Жаман ұлға».
Елімнің, біліп іштей, не күткенін,
Жақсыға еліктедім, желікпедім.
Ес білген, етек жиған шақтан бері
Ешкімнен өз басымды кемітпедім.
Мәнсабы жоғарысы, төмені де,
Көндірмек болды мені дегеніне;
Басымды тек еліме ием дедім,
Бірінің сүйенбедім көмегіне.
Өзгеден осы ғана даралығым,
Келешек айта жатар дәл анығын.
Туған ел, сен разы болсын деумен,
Келеді ғұмыр кешіп «Жаман ұлың».


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері