Әсемдікке бодым пенде – Шот-Аман Уәлиханов

Бұл бетте «Әсемдікке бодым пенде» атты Шот-Аман Уәлиханов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Үлбіреген нәзік жаным,
Арқалаған сезімді.
Көп нәрсеге алданамын,
Ұстай алмай өзімді.
Күй тыңдасам күмбірлеген,
Көзден жасым ағады.
Таңдандыра би билеген,
Мені билей алады.
Қас жүйрігі қылқаламның
Тұрса ғажап сурет сап,
Жүрегімді ұрлатамын,
Тамашаға ұйып қап.
Тамылжыған әсем әуен,
Жанға ләззәт береді.
Тап сол кезде көңілім кең,
Табылып бар керегі.
Сөз маржанын тізсе біреу,
Ақса таза бұлақ боп,
Дегеніне көнем дереу,
Қалсам дағы тулақ боп.
Шыным осы – күш жоқ менде,
Өзімді өзім меңгерер.
Әсемдікке бодым пенде,
Мінезім жоқ өзгерер.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері