Мына жаңбыр басталып ед нешеде? – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Мына жаңбыр басталып ед нешеде?» атты Сағыныш Намазшамова жазған табиғат туралы өлең берілген.

Мына жаңбыр басталып ед нешеде?
Тамшы біткен қонып жатыр көшеге.
Терезеден тысқа елеусіз қараймын
Тағдырымды құйып алып кесеге.

Терезеден көрінеді қақпам да,
Терезеден көрінеді аспан да.
Көлеңке боп төгіледі ақшам да,
Көрмейін деп көзімді алып қашсам да.

Маңай түгел айналса да лайға,
Тамшы жерге құшақ ашып құлай ма?!
Мүмкін олар асығып кеп аспаннан
Дәл осылай тәу етеді Құдайға.

Құшақтауға жетпейді, әттең, құлашым,
Жаңбыр даусы, бәлкім, оның дұғасы.
Отыратын ас бөлмеден аса алмай
Мен үшін де жалғыз тілек сұрашы..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері