Дегбір таппай дедектеткен күш қандай – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Дегбір таппай дедектеткен күш қандай» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Дегбір таппай дедектеткен күш қандай,
Айырмайтын шақта ненің не екенін.
Ғашық жүрек көкке қарай ұшқандай,
Антын беріп, суын іштім некенің.
Ерте бастап, аяқталды неге ерте?
Бүгін сағым жүрген шағым наздана.
Кері айналар кассета емес, егер де
Шамам келсе тоқтатар ем аз ғана.
Шымыр сөз де шағын екен, шамасы,
Қысып берген бақытта да – қысқалық.
Қарындаштың жаза білмес жаңасы,
Өлең өрдім өмір-сынға ұшталып.
Үйренгенмен қуыс үйден құр шықпай,
Бақыт қайда асығады күтпей кіл?!
...Тағдыр, мені айналдырдың ұршықтай,
Жолымды енді иірілген жіптей қыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері