Алты аласым жоқ сенде, бес бересім – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Алты аласым жоқ сенде, бес бересім» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Алты аласым жоқ сенде, бес бересім,
(Ала берем жиілеу еске несін),
Кілт бұрдым тез көңілсіз көш кемесін.
Енді мәлім кейіннен кеш демесім,
Сенің атың мен үшін өшкен есім.
Махаббатың болған соң бұйдалы ағын,
Қасарыстым шығармай қимаған үн.
Жаңа білдім, сол алғаш сәттен бері,
Арзан күндер екен-ау сыйлағаның.
Жанарың жат боп шықты, сөзің сұйық,
Күлге айналды мендегі төзім күйіп.
Жалықтырды бәлкім, ор, асқақтығым,
Тұрмаған соң иіліп, өзім сүйіп.
Келісе алмай, тағы да ара күдік,
Жолда қалды жүре алмай жаралы үміт.
Сен санамнан сызылдың, есігімді
Қатты жауып кеттің де, қара жігіт.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері