Жер де алтын, аспан да алтын, алтын да алтын – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Жер де алтын, аспан да алтын, алтын да алтын» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 715
Жер де алтын, аспан да алтын, алтын да алтын,
Күз тұрды өзгертпестен салқын қалпын.
Қаймағы сағыныштың кілкілдеді,
Сары күн, қайда кетті жарқын қалпың?
Жер беті сары түктен жәнатталып,
Жапырақ құс боп ұшты қанат тағып.
Теңселген теңіз болып қалсаң нетті,
Тербелген тебіренісім, тағатты алып.
Сары үйлер сарғаяды сары әйнекті,
Таралып терезеден арай кетті.
Ап-айқын дүниеге дым бүркем деп,
Көк тұман көк шылымын орайды епті.
Ап-айқын дүниені дымдап алып,
Тұрады күлкі қанық, мұң да қанық.
Алтын зер өңіріне тағып жатыр,
Кең дала саусақтарын сырға малып.
Күн батты алтын жалау жалқын алып,
Төгілді сары бояу шалқып ағып.
Күндерге сәлем жолдап ұшып өтті
Қарлығаш қанатымен қалқыма бұлт.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері