Таусылмайды белестер – Сағи Жиенбаев

Бұл бетте «Таусылмайды белестер» атты Сағи Жиенбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Таусылмайды белес-белес жон да әлі,
Ел іздейсің аунап-қунап қонғалы.
Алты қырдың астынан бір ән келсе,
Алдыңдағы қазақ аулы болғаны.

Қарт келеді құрық ұстап қолға әні,
Қыран құстай асау тайға қонғалы...
Қадірлі бір қонақ келіп қалды деп,
Құрақ ұшса, біздің атай болғаны.

Күнде алдыңнан кездесетін көл, кәні,
Бір жағынан қысқан шығар шөл-дағы...
Сар зереңмен сусын ала жүгіріп,
Бәйек болса, біздің әжей болғаны.

Таусылмайды белес-белес жон да әлі,
Ел іздейсің аунап-қунап қонғалы...
Қайда жүрсең, құшақ жаяр алдыңнан
Қазақтарды ұмытпасаң болғаны!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері