Заман сыры
(Лирикалық поэма)
Кіріспе
Асыл сөздің тамыры терең келер,
Терең келсе, ағалар елең берер.
Талай қазақ тарланы айтылмай жүр,
Сырын ұқсаң көңілің кемелденер.
Жаңа белес биігін аламын деп,
Талпынбауға сәт тілеп амалым жоқ.
Ұлыларын ұлтымның айғақтасам,
Тіл тигізер біреуге залалым жоқ.
Білмегеннен сақтасын данышпанын,
Ұқпағандар боладыау арыстарын.
Осындайды сезгенде селк етемін,
Есектердің көргендей жарысқанын.
Жақсыларын не болар сыйламаған,
Ол – шындықты құртуға қиған адам.
Ұмыт қалып барадыау кей асылдар,
Соларды ойлап жанымды мұңға малам.
Баға алмаймын ешкімнің қасқабағын,
Арым таза, мен неден жасқанамын?
Сағынып жүрем ақжолтай ағаларды,
Ақсақалы болсам да Астананың.
Шендіні айтып бүгінгі наздана алсам:
Сәлемдеспей бұрқ етер қайда барсаң.
Жапжас жігіт ақ шашқа қарамайды,
Сен сыпайы тәртіпті пайдалансаң.
Өңшең тентек демеймін салған ойнақ,
Жеңіл тұр ғой кей пәле айта қоймақ.
Арыстарым айқасса халық үшін,
Алпауыттар топталды қалтаны ойлап.
Барлық қырсық елде бар маған қонып,
Жүргенім жоқ құрметтен қараң болып.
Ауыл көшіп барады қала жаққа,
Соған делдал күй кешем алаң болып.
Қайран көңіл дауылы не бораны,
Терең ойға осылай көп орады.
Тілімізді қорғаудың түп тамыры
Ауыл өшсе... қазағым не болады?
Ойлап өтсек атажұрт шаруасын,
Ағалардың сүйемін жанын асыл.
Кәрібжанов Фазылдар дана екен ғой
Елге бұрған ақылой дариясын.
Қолы берік, қарымы күшті болған,
Адалдыққа ақ берен – мықты қорған.
Ауыл мұңы ойлантып арпалысқан,
Нар еді ғой намысты бермес қолдан.
Агрономнан өскенше министр боп,
Орайына келтірді мың істі дөп.
Ол ЦК-ға екінші хатшы болса,
Ұлттың қамын ойлауға тырысты көп.
Айта қалсам ағаның анық атын,
Киелі есім алтынмен жазылатын.
Қарсы шықты ол атомдық сынақтарға
Жер бетінде, ауада жарылатын.
Беу, жас ұрпақ! Біліңдер кім екенін,
Мұң қаптаған жан сырын үдетемін.
Қазағым деп айқасып қапыда өткен,
Кәрібжанов Фазылды жыр етемін.
Бірінші тарау
Шарбақкөл әуендері
Қалың қаптал Омбының ормандары,
Етегі құт, елге аңыз болған сәні.
Қызкеліншек сияқты тойға келген,
Ұялғандай оқшау тұр жолдан бәрі.
Ақ қайыңдар ақ күміс, аппақ қандай!
Ақ білектер жүрекке от жаққандай.
Ақ балтырлар ауылымның қыздарындай,
Ақын келе жатыр деп жол баққандай.
Қызыл қайың, сау қайың, нән қайыңдар,
Саясы құт, сымбаты нар қайыңдар.
Бозбаладай көк терек күлімдеп тұр,
Бойжеткендей баураса сал қайыңдар.
Жұпар сепсе қарағай жанға жайлы,
Дәру ауа көкіректі аралайды.
Алтын тұлға, апайтөс жас жігіттей,
Қызқайыңнан басқаға қарамайды.
Соның бәрі десеңдер не береді –
Үміт гүлі шақырды берекелі.
Фазыл аға ауылын іздеп келем,
Туған жерін бір көру керек еді.
Шарбақкөлді атасам жыр басында,
Лайық жер жүректен нұр шашуға.
Қазағымның аты аңыз арыстары
Көзге елестеп тұрады шың басында.
Бұл өңірдің тілегі болды еселі,
Нардың жолы болмай ма кең көшелі.
Қазақстанды басқарған бодан күнде
Тұңғыш қазақ туыпты ел көсемі.
Шаяхметов – зор белгі бір ғасырға,
Кәрібжанов Фазыл да тұр қасында.
Кемеңгеров Қошке де жерлесі екен,
Алты Алашпен жараған сырласуға.
Ойлы ормандар ел сырын ұққан екен,
Аттары көп жар салмас жұртқа бекер:
Ауыл баққан қазақтың үш министрі
Шарбақкөлден тап осы шыққан екен.
Биік сілтер самғауық қыран бәрі,
Ауылды ойлау – ұстанған ұрандары.
Өсе келе бәрі де болып кетті
Қазағымның ардақты ұландары.
Әлімсақтан тарихтың тартқан жүгін,
Омбыда өскен қазақтар дархан мығым.
«Диаспора емеспіз» деп айбынып,
Атамекен сақтаған бір қалдығын.
Ермак шауып қазақтың түпкі төрін,
Ел шұбырып қан шеңгел жұтса шерін,
Сол қырғыннан әупірім есен қалған,
Шарбақкөл деп атапты құтты жерін.
Көл емесау, түсіме тау кіреді,
О, замана! Есіме салды нені:
Батыс Сібір қырық жыл ханы болған
Көкейімде Көшім хан қалды менің.
Қалың жаумен жеті күн қақтығысып,
Көшім жоқта мерт болды құстай ұшып:
Сүзге ханым түспестен жау қолына,
Жан қиыпты қанжарды қатты қысып.
Терең ойға тебіреніс бөлегендей,
Тарих сырын қайтпекпін тере бермей.
Қалың орман ішінде жылылық бар,
Сүзге сұлу аруағы жебегендей.
Қиялғайып...
Көрінді ол болып маған,
Есімінен елестер содыр заман.
Қазағымның қыздарыай, кей заманда
Намыс үшін ажалдан қорықпаған.
Ел намысын күндерде ушықтырған,
Қанішерді үйіріп ұршық қылған.
Сәтбек батыр өтеді елес беріп,
Мас Ермакты Ертісте тұншықтырған.
Сол тартысқа жасынан бойлағандар,
Жұмабай, Қошке, Фазекем – ойлы адамдар.
Айта берсем дүбірлі түлегі көп,
Шарбақкөлді осал деп ойламаңдар.
Алқа ағаштың ойпаттау қойнауында,
Лайық жер жылқылы, қойлы ауылға.
Атамекен ежелгі Айбас атты,
Атақоныс шағын көл болды ауылға.
Тал шарбақпен күміс көл қоршалыпты,
Жалғыз аяқ мал баспас жол салыпты.
Бір шетінде шоғырлы құдық та бар,
Малға жайлы шоң науа қолданыпты.
Бабалары орнатқан талды шарбақ,
Ой қозғайды алыстан көзді арбап.
Осы көл ғой елжұртқа ризық арнап,
Сан ұрпаққа құт болған өмір жалғап.
Біздің ауыл шетіндей көрінсе анық,
Жүрегімнің кетті ғой оты жанып.
Кер биеге көз салып, кердең етіп,
Қара айғырдың тұрғаныай оқыранып.
Оты қанып, күйсеумен малжаңдасып,
Желіндері толықсып маңмаң басып,
Сиырлар да барады суат жаққа
Кемпірлердей тойдағы алшаң басып.
Таңырқасам жасырар сырым бар ма,
Қымызы да Айбастың шырынбал ма?!
Еңкелеңдеп биелер желе жортса,
Шұрқырады желіде құлындар да.
Қалың тайга ішінде ойдымойдым,
Ақ қайыңдар қазаққа ашты қойнын.
Әр тайпадан құралған үлкен ауыл,
Бір қойнауда мәңгілік тапты орнын.
Сай қуалай жайғасқан күрке талдар,
Қызыл шие, бал жидек жүрек жалғар.
Ескі ауылдың орны бар – киелі жер,
Соқпай кетпес зиратқа келген жандар.
Кер заманның ер туған ақтангері,
Биік рухы алыстан тартқан мені.
Фазыл еккен ақ қайың бас жағында,
Кәрібжан ата көз тартты жатқан жері.
Көне өмірді паш етті іздің бәрі,
Қара орынның қалдығы – жырдың нәрі.
Атығай мен Қарауыл,
Қаржас, Керей бір ауыл,
Шарбақкөлдің ежелгі тұрғындары.
Бұл аймақты мен былтыр барлап көрдім,
Тапқан екен шұрайын таңдап жердің.
Нар тұлғасын Фазылдың еске салды
Жасыл қаптал орманы Шарбақкөлдің.
Көп жылдардың соңынан көшеді ой,
Елестейді ер жігіт еселі бой.
Фазыл аға ой салса туған жері,
Керегі де мен үшін осы еді ғой.
Ескі Айбасты бұл күнде Жанан дейді,
Барша ағайын қоныстас адал пейілі.
Сәнді үйлер сәулетін, дәулеті мен
Кім орыс пен немістен жаман дейді?
Көше таза, ауылды көрікті етер,
Бір ғажабы – мектебі өрісті екен.
Екі оныншы сынып бар бұл мектепте,
Киелі жер арнайы көріп кетер.
Намыс қозғар көрсем де не ғажапты,
Өзгелерден қалыспай тең жасапты.
Тамашасы – ауданның атын олар
Қазақшалап «Шарбақкөл» деп атапты.
Кең залында Томардың мектебінің
Мерей өсті, кеткен жоқ текке күнім.
Жасына қарай үлкендер отырыпты,
Жастар да бар төр жаққа жеткен бүгін.
Құймақ жауып тұрғандай гүлді алаңға,
Қызық көп қой білгенге бұл ғаламда.
Жаным менің нұрланды, шымқай жастар
«Жезкиікті» бабымен шырқағанда.
Жас өрнектен қалмады қарттардағы,
Күйші желді бүлкілдеп бас бармағы.
Әнші ару айтқанда «Аққу әнін»,
Кей жанардан тебірентті жас тамғаны.
Өнер туын көтеріп жүреміз көп,
Келешектен себеп жоқ күдер үзбек.
Атымды атап Жәнібек таныстырса,
Келіншектер шулады: «Білеміз!» – деп.
Бір ақсақал шуласа мені біліп,
Жырға қосты әзілге жеңіл іліп.
Сексен екі жастағы Боранбайды
Елудегі деп қалдым сері жігіт.
Шын таңдандым тың сылқым жүрісіне,
Кемістік жоқ тиісер бір ісіне.
Келістіріп ән салса, мен қызықтым
Көркем сақал сүттей ақ күмісіне.
Қошке ағаның тамаша туыстары,
Сөз көсілтіп, ескіше жыр ұштады.
Жәнібектің нағашыжиендері
Біздің сапар мақсатын дұрыстады.
Фазыл десек, шыққандай жер төсінен,
Боранбай қарт тік айтты келтесінен:
«Ол қара нар, сабырлы, салмақты еді,
Оқ тисе де үндемес желкесінен.
Есімде жүр келгені су алуға,
Қойешкісін науадан суаруға.
Жалғыз өзі қимылы бес кісілік,
Алып күші жетердей бір ауылға».
Бір әулетті бір өзі сүйреп келген,
Талай мысал төгілтті түйдектелген.
Жас
Ф
азылдың
Б
орекең аз сөзбенен
Өмір жолын көрсетті иректелген.
Жіті тыңдап болғаным күшті құмар,
Ғаламат көп көшімді жүкті қылар:
Тыңдасам да Шарбақкөл қай қазағын,
Асыл аға мейірбан ұшқыны бар.
Екінші тарау
Қызылжардан басталды өмір жолы
Әр көргенім – білгенге бір қаралық,
Жырға орадым әудемде тыңдап алып.
Бала кезін Фазылдың естігенде,
Жан толқыды жүректі жырға малып.
Сәби күннен сұм тағдыр бұлты төнді,
Тірегі өшті, шырағы ерте сөнді.
Төрт баланың кенжесі Фазыл туса,
Өрт шалғандай бір жаста әкесі өлді.
«Жығылғанға – жұдырық» дегендейін,
Әкесізге тар өткел келер бейім.
Бір көзінен қапыда айырылды,
Төзбей қайтсін...
Бәрін де жеңер кейін...
Бұйрық осы дөп келген талайына,
Көпшіл, сепшіл кең өсті маңайына.
Тұйық мінез, қатаңдау болсадағы,
Сүйінетін көрген жан арайына.
Айтқожа мен Сейітқожа, Бәткен, Фазыл –
Өңкей өрім тезірек өсуге әзір.
Шаңырақты шалқытты Әлипа апай,
Жан жарына бұйырса өмір азы.
Қайсар ана көпсінбей осыларды,
Айтқожаның Сәлімін қосып алды.
Үш ағаның соңында Фазыл өсті,
Мәтен апай білмеді шошығанды.
Құлын күннен құлшынған бабындағы,
Өсірді ана жеткіншек бәріндағы.
Іске берік Фазылжан оқу сүйгіш,
Хас жүйріктей жасынан ағындады.
Өзгелерден бастайтын бұрын көшті,
Тетелестер ішінде мығым өсті.
Қаршадайдан намысын қалғытпады,
Өзегіне өз мұңын тығып өсті.
Асау тайдай ұмтылса сілкіп жалды,
Кейде айтарын білдіртпей іркіп қалды.
Әке деген балаға керек екен,
Көңілінде тамшы мұң кілкіп қалды.
Тәлім алды ауылда молладан да,
Жүзі жылы, сезімтал болды адамға.
Рабфакта оқыды Омбыдағы,
Жолы болды ағайын қолдағанда.
Пәтер алды Айтқожа ақы төлеп,
Отын сатып, ақшадай берді көмек.
Ол еңбегін Фазекең атап өтті,
Асыл аға болғанын орны бөлек.
Әсіре мақтау бәс емес байсалдыға,
Айтып қана қойған жоқ, қайтарды да.
Бар әулетке Фазылдың себі тиді,
Ризалығын Айтекең айта алды да.
Жан талабын жөптеді тегіс елі,
Бір үй емес, ауылдың жемісі еді.
Үздік оқып рабфакты бітірген соң
Институтқа түскені жеңіс еді.
Қайырымшыл, бауырмал туыстары,
Келекеле Фазылды ту ұстады.
Әлі күнге ұйымшыл ауыл екен,
Сол деп білем аруақ жұғысқаны.
Фазыл аға бастаса берік көшті,
Аға, іні – бәрі де серіктесті.
Бірге өскен Сәлімнің балалары
Жәнібек, Қайрат соңынан еріп өсті.
Өмір сырын Әлипа түсініпті,
Ақ тілекшіл болыпты ісі құтты.
Омбыдағы Сібірдің институтын
Үшеуі де бір кезде бітіріпті.
Фазыл аға құтты жол бастап берді,
Жақсы оқыды, мінезі жақсы ат берді.
Бірге оқыған қазақтың балалары
Түркістаншыл, Алашшыл мақсатқа ерді.
Қырғын жылдар Сталин тұмшалаған,
Еш жазықсыз қырылдыау қаншама адам.
Көргеннен соң соларды өршіл жастар,
Бірігуге ой қозғап шаршамаған.
Омбы – ол кезде оқудың құтты төрі,
Содан білгір, алғыр боп өсті төлі.
Шафық Шөкин, Нұркейдің Хасені бар,
Кең дариядан күш алды достық көлі.
Білді олар Сәкенді, Мағжанды да,
Колхоздасқан қырғын жұт жанжалды да.
Жаны қазақ жігіттер, қаны қазақ,
Бодан күннің бұғауын аңғарды да.
Сом құрыштай буылған бірбіріне,
Оқу себеп ақылой бірлігіне.
Зейін қойды Алаштың ұранына,
Жандары ашып жүдеу ел тірлігіне.
Тыншытпаса тіршілік ушыққаны,
Елдің қамы жастарды тыншытпады.
Шафық, Фазыл жастары үлкен еді,
Қастарынан жас Хасен бір шықпады.
Осы жігіт Фазылға ұнап кетті,
Адал достық алауын тұрақты етті.
Хасен менің қайны атам болғаннан соң,
Досының сырын ұмытпас шырақшы етті.
Жас жігітке олар көз бұрып қалды,
Ой тоғытқан елді ойлау дұрысталды.
Мағжанды олар жаттады, сүйіп оқып,
Дана мұңы құпия тұнып қалды.
Оқу бітті. Қызметке талап шекті,
Фазыл, Шафық жанжаққа тарап кетті.
Қара нанды қақ бөлген адал досы,
Ол Хасенге алаңдап қарап кетті.
Бірге жүрді жанжаққа ұшпас бұрын,
Армандары бірлескен қос жас буын.
Шафық аға жыр етіп айтатұғын
Фазыл менен Хасеннің ұқсастығын.
«Қос тұлпардай екеуі ердің ері,
Қатар өрлеп, жақсы едіау жетілгені.
Батыл тұлға, қазан бас екі жігіт
Қабанбай мен Бөгенбай секілді еді».
Көп болатын ағаның аңыз сөзі,
Қарт шағында аңсаттыау алғыр кезі.
«Қайран достар...» – деп Шәкең күрсінетін,
Кең жалғанда қалғандай жалғыз өзі.
Дана ғалым, жабайы жүрер пенде,
Кезін көрдім ренжіп түнерген де:
Павлодарды басқарған Нұркеевті
Басқарма етіп колхозға жібергенде.
«Білдірмеді Хасен де өтінгенін...» –
Деп толқытты қарт Шафық көңіл көлін.
«Фазыл ерте кетпесе бұл фәниден...» –
Деп тағы да көріп ем өкінгенін.
Заманында бармасақ ондай сөзге,
Бұл сорақы қылық та түсті көзге:
«Қосып жазды, миллиард пұт болмады» деп
Мәскеуге арыз Мәскеуден түскен кезде.
Мәскеуге арыз Мәскеуден түсті десем,
Хрущевтей дандайсып шықты көсем.
Өтірік деп «достары» жазған болар:
«Алды қазақ миллиард пұтты десең».
Сөз жалғасам үш достың өмірінен,
Кейде солай өткенге көп үңілем.
Фазыл аға ардақты бейнесі үшін
Сыр аз емес кетпейтін көңілімнен.
Оқу бітті. Көрді өзге мәнжайларды,
Жас маманға қауырт іс заңға айналды.
Бір көзінің ертеден жоқтығынан,
Фазыл аға соғысқа бармай қалды.
Хасен досы аттанды арпалысқа,
Фазыл жүрді қалғандай қаңтарыста.
Досы үшін де мол астық өсіріпті,
Ортақ болып соғыста бар табысқа.
Құтты жолды боладыау құп алуға.
Соғыс бітті, күн туды қуануға.
Қазағымның болды нық қайраткері
Орталық Комитеттің құрамында.
Үшінші тарау
Қарағанды қарсы алды құтты төрі
Қарашаңырық шақырса Қарағанды,
Ол әлемде ерекше дараланды.
Үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жер
Тұғыры боп Фазылдың жаңаланды.
Жақсылығын жалғайтын жақсы адамның,
Қасиетін байытар әр қадамның;
Ер атанар азамат жер бұйырар,
Құтты қоныс болардай таңдағаның.
Донбасс, Кузбасс, көмірлі Қарағанды,
Есімдері ерекше бағаланды.
Егіншіні өндіріс қалап алды,
Ендігі өмір үр жаңа бола қалды.
Жезқазғаны жез толқып жайнап жатыр,
Балқашында қызыл мыс қайнап жатыр.
Қарсақбайдың әлі нық өз қарқыны,
Қаражалы уығын байлап жатыр.
Жезді қандай ешкімнен қалыспайтын,
Мырыш берген күшейтті таныс қалпын.
Ұлт ордасы Ұлытау бабында тұр,
Айналасы жаңартып тұрмыссалтын.
Теміртаудың атағы шарықтады,
Жедел құрылыс тұлғасын анықтады.
Дүбір қызды, Сарыарқа сайын белі
Ақтаруға бар кенін жалықпады.
Ұлы ғалым, тегі асыл, заты мықты,
Сәтбаевтың дүркіреп аты шықты.
Бәрін барлап Мейірбан Фазыл аға,
Елмен, жермен жасады татулықты.
Баяғыдан есінде Бұқар жырау,
Ол тарихта Абылаймен қатар тұрау.
Тәттімбеттен тарапты екі ішекті
Шертіпқағып тартуға қалай бұрау.
Бала күнде сондайды қиялдаймыз,
Шертуші едік тетігін біле алмай біз.
Фазылдың да бар еді бір басары,
Әншілігін әдеппен ұрандаймыз.
Қол сілтеді қиядан Қарқаралы,
Құтты жер деп оны да айта алады.
Қаз дауысты Қазыбек,
Мәдиі бар,
Зарлы әуенін ішінен қайталады.
Таңғажайып Біржаннан аңыз қалса,
Қол сілтейді таныстай «Жалғыз арша».
«Адамзаттың жинаптыау бар байлығын...»
Деп ойлады оңаша жалғыз қалса.
Мәди айтқан жадында үн түледі,
Әнұрандай көкіректе күркіреді.
Тілдесетін терезе тесігінен,
Қапаста өткен Сарыарқа дүлдүлі еді.
Талай қызық көңілде өріледі,
Осындайға Фазыл да жерік еді.
Тайжанның да Омбыда Үкілі Ыбыраймен
Қатар шырқап тұрғанын көріп еді.
Өмір солай қымқуыт жарыс еді,
Қайнап жатты арпалыс алғы шебі.
Бар байлығы қазақтың Мәскеу жаққа
Шұғыл кетіп жатқаны таныс еді.
Тілін, дінін, ділін де қазағымның
Есен сақтау ол кезде азабы мұң.
Дін мен ділді саясат ойрандаса,
Қорғау қиын тіліңнің тазалығын.
Фазыл келді обкомға екінші боп,
Жүрмейді енді тек жалаң егінші боп.
Келді қызу қайнаған өндіріске,
Қазағыма қол ұшын беруші боп.
Бодандықтан адамның шошынғаны,
Зор шендінің бәрі орыс осындағы.
Бастық та аз, қазақтан жұмысшы да аз,
Ауыр жылдар айқасқа қосылғаны.
Шаяхметов бұл ішкі саясатты
Орындауға бастады дана шартты.
Училище, институт дегендерге
Қазақтың жас түлегін алға тартты.
Ұлттың қамы деп оны зор маңызды,
Болашаққа Жұмекең жол салғызды.
Оқытуды ресейлік қалаларда
Қазақстанға көмек деп қаулы алғызды.
Міне, осындай майданға қолбасшы боп
Фазыл келді, топтады жолдасты көп.
Әй, не керек, қазақтар алға басты
Қарағандыға жүргенде ол басшы боп.
Сол ұстаным жандырды жүректерді,
Өндіріске жас қазақ түлек келді.
Соның бірі – Президент осы күнгі,
Тәуелсіздік таңы атқан тілек жеңді.
Онсыз елін қазағым жаңарта ма,
Кім қыздырар өмірді бай алқада?
Жемісі сол – баласы Үшқоңырдың
Астананы орнатты Сарыарқада.
Тыңда, достым, шындықты таратамын,
Бата берді ардақты Алатауым.
Жемісі сол – бүгінгі Қазақстан
Жер бетіне жеткізді зор атағын.
Мәскеуде оқып, өзім де Жезқазғанда
Жиырма жылдай тау тесіп, жер қазғанда
Сол саясат түлегі болған екем,
Еліктеумен Қанышқа бой жазғанда.
Фазыл жайлы Серғазин ағамыздан
Көп естідім әдісін қамал бұзған:
«Талай қазақ жігітін ол өсірді,
Таңдап алып жабайы арамыздан.
Шахталарда қазақтар көбейгені –
Ол да Фазыл ағаның мол еңбегі, –
Дегені бар, – жақсыны көзі шалса,
Көтеруге әудемде ерен еді,
Сол әдісі күн сайын тереңдеді.
Қызық едіау жүйелі ғұрпы қандай,
Шахталарды шарлаумен жүрді талмай.
Озықтарды әпсәтте паш ететін,
Сол болам деп өзгелер ұмтылардай».
Көп естідім осындай әңгімені,
Ұлтын қорғау – асылдың бар тілегі.
Фазылдан кейін обкомға хатшы болған
Файзолланың айтқызды ақ жүрегі.
Әлдекімше өзгеше бұлтақтамай,
Ұлт қорғауға ниетін бұрған талай.
Жалғастырды Фазылдың ұлы жолын
Досмағамбетов атақты Сұлтан ағай.
Сол саясат өзім де перзентімін,
Жыр жаздырды күйігі ел дертінің.
Аралдың да көп жүрдім айқасында,
Қолғабысым тигенше көрмей тыным.
Кең айдында жол салған арнасы мұз,
Фазыл аға тау еді, шын асыл құз.
Қарағандылық жігіттер үлгі алған,
Біздер оның көксеген жалғасымыз.
Фазыл аға сыры көп айта білсек,
Ұмытылмас бейнесі қайда жүрсек.
Қарағанды қажымас қайсар етті,
Алынғандай ең асыл қолға бір шеп.
Анық батыр шықпайды жолға бекер,
Бергені мол жан екен қолдап өтер.
Екінші деп ресми аталса да,
Біріншіден өтімді болған екен.
Іске мығым, сабырлы, елге қорған,
Мейірімді екен келбеті нұрға толған.
Уәдеге болаттай берік адам
Алдындағы қайтпапты қазған ордан.
Қарағанды екеу ғой: жаңа, ескі,
Ескі үйлерді түбінен түтін тесті.
Бір топ үйді газ басқан көшіруді
Өшпес үлгі болардай Фазыл шешті.
Өз көзімен апатты барып көрді,
Шымқай қазақ екенау шеккен шерді.
Шенділері қаланың үміттенген
Жаңа үйлерді жалтармай алып берді.
Одан қиын адамды қыспас заман,
Бұл ерлігін паш етті Әбілқас ағам.
Үстіндегі көмірдің, шым үйлердің
Газ кіргенде жұтқаны уға ұқсаған.
Жердің бетін улы газ тесіп өтіп,
Үйге кірсе жұрт састы есі кетіп.
Сан ұрпаққа өмірлік ғибрат берді
Кәрібжанов тұтқиыл шешім етіп.
Фазыл десе Әбекем кең көшелі,
Наз айтатын деп: «Нағыз ел көсемі.
Ызғарынан айбынды шошынбаса,
Кей бастықтар ырқына көнбес еді.
Талайталай Фазылдың шешімдері,
Көрсетті оны азамат көші ілгері.
Төраға боп сайланды облкеңеске,
Ол да бір сәт ілгері өсудегі».
Қаныш аға келгенін айтып еді,
Даналыққа Фазылдың қанды шөлі.
«Құтты болсын, Қанекем, – деген екен, –
Нық қолда тұр өндіріс алғы шебі».
Қарапайым жүргендей шендес келмей,
Әбілқас аға өз даңқын кейде ескермей:
«Ғибрат алдым, – деп еді, – екеуінен,
ӘлФараби Сократпен кездескендей».
Тап осылай, ағайын, мақтаналық,
Тастамайды ол үшін тақтан алып.
Фазекеңнің Сағынов ағамыздай
Еңбегіне лайық ат тағалық.
Кеншілердің керегін сан сатыда,
Шеше білдіау Мәскеуде, Алматыда.
Жанашыры халқымның сол еді ғой,
Айналса да партия солдатына.
Соғыс бітіп, ес жиған сілкінді ауыл,
Өтті бастан неше өрт, неше дауыл...
Облысты басқару оңай емес,
Қарағандыны басқару екі есе ауыр.
Солай асыл ағамыз дараланды,
Рахмет айтып қала мен дала қалды.
Айбынымен маңайын жасқандырған
Ұмытпайды Фазылды Қарағанды.
Адалдықты ар үшін жақтаушы еді,
Адамдықтың өресін сақтаушы еді.
Ғабиден, Ғабит мақтаса қазақтар ғой,
Петр Трухин ерекше мақтаушы еді.
Облыстың бұрынғы басшылары,
Негізінде арыстар жақсы бәрі.
Қолдайды ғой Фазылмен мақтануды
Қарағанды екінші хатшылары.
Көш басында олардың Фазыл ағам,
Жыр еткізді тіршілік назын маған.
Ізбасарлар – Сұлтан мен Нұрсұлтандар,
Олар да тың дастандар жазылмаған.
Әркім сөйлер өзінің затын біле,
Жөн айта алсам жырымның татымы де.
Екіншілер – шарболат шын қазақтар,
Аға тұтқан бүгінгі әкімі де.
Жүрегімнің лүпілін қолдаушы етем,
Жазған жырым жабулы қалмас бекер.
Қарағанды мен Қызылжар Фазылға арнап
Естен кетпес белгілер орнатса екен.
Төртінші тарау
Асқаралы Алатау аясында
Қарағанды, киелі аруағың
Шын жебеді қазақтың саңлағын.
Алматыда ЦКға шақырылды,
Қоғамы мол қожасы шаруаның.
О, Фазеке! Тағы бір ауыр белең,
Артта қалды ұмытпас нағыз кенен:
Қара термен егінді суарушы ең,
Пісерінде қыздырып жаныңменен.
Қимылың зор енжарға өштігіңнен,
Ақ жолыңа ақ бидай өсті кілең.
Жезқазған мен Балқашты жалындаттың
Ел данасы Қанышқа достығыңмен.
Қалды артыңда кемеңгер пайымдаулар,
Шешілді ғой сан талай қалың даулар.
Ұмытпастай артыңда қаулап өсті
Жас қазақтар жанынан жалын лаулар.
Іске қатал, өмірде ақынжанды,
Қарапайым, мейірбан атың қалды.
Ауыл жайын білуші ең өте терең,
Сауын сиыр, ақ бидай асылданды.
Бастау таптың көп іске ең кемінде,
Мәскеу жақтың қалмадың шеңгелінде.
Өзіңе де кеңшілік мінез бітті,
Сөз етпейтін бергенін, жеңгенін де.
Жақсылық көп Теміртау есіндегі,
Сенің арқаң жас алып көсілгені.
Қызу қарқын сен қостың жалындарға
Қызыл жалқын мартеннің пешіндегі.
Кеттіау ғажап ол құрылыс кең басталып,
Жас түлегін баулыды тозбас халық.
Оқып келіп сапырған отжалынды
Ер Нұрсұлтан жүр бүгін ел басқарып.
Ол да сендей...
Ұлтжанды ердің бірі,
Сал домбыра күмбірі жүрген жері.
Ол да сендей...
ЦКдан бірақ шыққан,
Мықтысыңдар, обкомның екіншілері.
Атың жүрсе алшақтап өлеңімде,
Қосылар жастар сен салған ерен үнге.
Жас ұрпақтың атынан алғыс айтам,
Есіміңді жеткізсем келер күнге.
Сәт тілесе жолыңа Қарағанды,
Ел қостады, ақ жолың жаңаланды.
«Керек едіау...» – деп біреу қимай тұрса,
Бұл жаңалық қуантты сан адамды.
Алатаудың бауырына кіруіне,
Өр мен төрдің тәбделін білуіне
Қарағанды Фазылға саты болды
Жердің бетін нық басып жүруіне.
Төрге шықты жақсылық орнайтұғын,
Жас қырандай талпынды алмай тыным.
«Үлкен үйдің» басқарды зор бөлімін
Шаруа жайын ауылдың ойлайтұғын.
Жаңа қамшы тапқандай қатты бастық,
Өз күшіне қажымас басты жастық.
Ауыл мұңы мамандық арманы еді,
Мал көбейтіп, тасытар алтын асық.
Болды ынтасы – көбейту мектептерді,
Сан сұрақты тапжылмай жөптеп берді.
Моншаларды салдыру болды заңы,
Ауыз су дегеннен еш шет кетпеді.
Аралады туған ел барша жерін,
Нәр тіледі өнімсіз қаншама егін.
Жөн түзеуді басқартты Бараевқа,
Құнарлы жер қыртысы тозса тегін.
Қиялы едіау жарылқау туған елді,
Сол істе жүр армандап буған белді.
Басқаратын ауылдың шаруашылғын
Министр боп Фазекең шыға келді.
Ол кездегі, ағайын, министрлік
Әркім айтар еместі жұмақ тірлік.
Біткен жұмыс атағы ЦКнікі,
Іс оңбаса... кетуің бірақ күндік.
Қақтырмастай ауылды қанаттыға,
Бұл орынды сыйлады жаратты да.
Білді енді тек қана өзі екенін
Шаруаға қамқоршы, жауапты да.
Бәрі соның ел бағу амалы да,
Түлкі болды бодандық заманы да.
Елдің, жердің болмысын министрден
Артық білер шенділер шамалы да.
Белгілі ғой еңбегі мол сіңгені,
Ақыл қосып ақылға көрсін деді.
Шаяхметов – ЦКның біріншісі:
«Тез арада министр келсін», – деді.
Келді, көрді...
Бұл да бір дәуір екен,
Мінез мықты Фазылда сабыр етер.
Отырғанда сөйлесіп аңдағаны –
Жұмекеңнің қабағы ауыр екен.
«Мәскеу жаққа шақырды кеше ғана,
Отырғам жоқ министрден есеп ала.
Үлкен сөздің, – деді, – осы бастамасы,
Саспай кеңес құратын екеуара.
Сөзге шөкті қазақтың бар алыбы,
Бірлікте ғой Абайдың даналығы.
«Келте болмас кеңеспен пішілген тон»
Дегені бар халықтың даналығы.
Ертең жүрем Хрущевпен кездесуге,
Қауырт іс бар күреске бел шешуге.
Тың игеру жорығын бастамақшы,
Көп ойладым, шығармай елді есімде.
Сен не дейсің, жерге ие министрім?
Осы әңгіме шақырған менің сырым.
Білімің зор, тәжірибең ұланғайыр,
Ақыл қосар өзгеден сенің бұрын».
«Сезіп жүрмін, Жұмеке, – деді Фазыл, –
Қолдау емес айтарым менің қазір.
Қазақ жерін қара пар басып кетсе,
Мал құриды, емеспіз оған әзір.
Есін жиған соғыстан қазағымның
Малы азайса... етерау азабын мың.
Ұлттық пайыз азайып, орыстансақ,
Оның ертең бермекші жауабын кім?
Ашып тұр ғой бір сырым мың сырымды,
Жат көбейсе... алдымен тіл құриды.
Тіл құрыса қазағым не болады?
Қозғап кетті бір мұңым мың мұңымды.
Ауыр күндер азабы бұлдырайды,
Кейде ауыр ой жүйкемді мың бұрайды.
Жұмеке, келісім бермеңіз, ертең тарих
Ақиқатын ақыры бір сұрайды.
Жат көбейіп, боламыз қалғанқұтқан,
Ұлт қасірет тартады қайғы жұтқан.
Рухани туады жүдеушілік,
Саны өспей тасада қалғандықтан.
Сансыз ұлтпен балалар араласып,
Қиындықпен өтерау жағаласып.
Мектептер де жабылып қалады ғой,
Қазағымның өрісін қара басып.
Одан да ірі көрсетер залалын көп,
Сізге айтпас ол сырды амалым жоқ.
Тың игеріп алған соң салады ойран,
Солтүстікті Ресейге аламын деп.
Қарсы тұру – қиямет әңгүдікке,
Шапылдайды ол сіз айтар сан күдікке.
Ел басшысы ақ ниет, адал жүрсіз,
Мүлт бассаңыз... сөз болар мәңгілікке.
Бар байлығы қазақтың – жер танабы,
Оны қорлау таусылмас шер салады.
Ар жолында қалыңыз таза, биік,
Жағымпаздар тізгінді алсадағы...» –
Деп тоқтатты айтарлық Фазыл сөзін,
«Дұпдұрыс!» – деп қадады аға көзін.
Сабыр сақтап: «Рахмет», – деп қала берді,
Жан қинаған көп ойды жеңіп төзім.
Біріккен қол шыққандай жең ішінен,
Ойға батты ақылман сөз күшінен.
Риза болды, тебіреніп, толқып кетті,
«Ақылды екен Фазылжан...» деп ішінен.
Жұмекеңнің Фазылды тыңдағаны –
Өзінің ойын емес пе шыңдағаны.
Ол сезді ғой бүлдірмей жай келмесін,
Қазағыма даңғаза «тың заманы».
О, тәңірім!
Шындықты әбден білгіз,
Қорқақтанып, әлі де мақтап жүрміз.
Одақ үшін не керек –
Қазақ үшін ертерек заман еді,
Әлі күнге құр бекер жақтап жүрміз.
Бәрі жатты Жұмекең көкейінде,
Жер тозады Мәскеудің тепеңінде.
Бел байлады кетпеске не болса да
Хрущевтің жандайшап жетегінде.
Ақылдасты ол Сәбитпен, Мұхтармен де,
Хрущевті таппады құптар пенде.
Өз ойына сай келіп көп тілегі,
Қарсы шықты, көндікті жұтар шерге.
Болашағын қазақтың салмақтады,
Елге қамқор кеңесті ардақтады.
Хрущевтің көнбеді айғайына,
Алынса да жұмыстан ар сақтады.
Алды айғай болғанда, арты былық,
Ашуланшақ Хрущев салды бүлік.
Қызметтен қуды тез Жұмекеңді
Оңтүстікке бірінші хатшы қылып.
«Күштілердің» құйрығы досы емес пе,
Ұлттық теңдік айналды бос елеске.
Бодандықтың зорлығы қатты тиді,
Тәуелсіздік жоқтығы осы емес пе?!
Паномаренко, Брежневшіл заман келді,
Жаңа пайым, елге өзге қадам келді.
Тың игеру науқанын қыздыруға
«Целинниктер» – мыңдаған адам келді.
Қатаң жарлық шешімді ширатпады,
Қарсы келген оларға сын батпады.
Ауылдарға, шіркінай, ауыр болды
Оқыс соққан дауылдай қиратқаны.
Қайран әжем оларды зор тұтатын,
Шершеменді үндемей мол жұтатын.
Бесіктегі нәресте жылағанда:
«Целенникті шақырам...» – деп қорқытатын.
Отыз пайыз ұлт саны болып қалды,
Қырық екі пайызы орыстанды.
1962 жылға дейін
Екі миллион келімсек қоныстанды.
Фазекеңнің дөп тиді ескерткені,
Өмір елді өзінше жентектеді.
Тек Ақмола облысында жабылыпты
155 қазақтың мектептері.
Паномаренко нар тұлға, көсем еді,
Байқап қалдық жақсылық есер желді.
Фазекеңді ЦКға хатшы қылды,
Ол көп тұрса әділдік өсер ме еді.
Қазақпенен жақсылап танысты да,
Біріктірді жақынды, алысты да.
Ақтап берді рухани қудалаудан
Зардап шеккен Мұхтарды, Қанышты да.
Мәскеуліктер басқарды «өсер елді»,
Орыстану елімде еселенді.
Паномаренко, Брежнев, Яковлев пен
Беляев те қосылып көшеленді.
Тыңның ісі тым қауырт жүріп жатты,
Көп қостарды қаптатып, жыбырлатты.
Миллиард пұттап ақ бидай ағындады,
Нанға жарып Хрущев тыным тапты.
Тап сол жылдар Теміртау қатуланды,
Ашынғандар тұрмысқа асыр салды.
Қапаланған жұмысшы, жастар тобы
Тасталқан ғып қаланы басып алды.
Кеңес елі көрмеген дау туыпты,
Құрылысшылар жасапты сан бүлікті.
Брежнев келіп Мәскеуден әрең басты,
Танкілермен орнатып «заңдылықты».
Басшыларға бір күнде қуғын туды,
Жібергендер ізделді қырғын шуды.
«Қарағандыда жүргенде көрмедің», – деп
Фазылға да Беляев тік ұмтылды.
Екіншіге бірінші тиісіпті,
Жеті жыл өткен өмірге кірісіпті.
Бұл дөрекі пәледен Кәрібжанов
Бұлтартпастай дерекпен «тірі» шықты.
Екіншіге бірінші ауыз салған,
Бұл сұмдықты тойтарды нағыз тарлан.
Көргендерден естіген ұмыт болмай,
Сол пәледен күлкілі аңыз қалған.
Қара қылды ағамыз қақ жарыпты,
Архивтерді мұқият ақтарыпты.
Теміртаудың баяндап ауыр халін
Баяғыда жазған хат сақталыпты.
Фазекеңнің мысы оны басты, тегі,
Біріншінің шықты ыстық ащы тері.
Ол кездері тап осы Беляевің
Мәскеудегі ЦКның хатшысы еді.
Қыңыр келіп аяқтан қатты шалған,
Амалы жоқ Беляев қайтты райдан.
Фазыл аға сыр бермей іштен тынды,
Жаны аулақ жеңдім деп жарқыраудан.
Қазақ кешкен мұң көп қой басқа тағы,
Қатты уланды жер мен су, аспандағы.
Атомдық та, сутегі бомбаларды
Империя жаруға жасқанбады.
Бомба, ракета сынауды тасқындатты,
Елдің зарын басшылар аз тыңдатты.
Семейдегі полигон басшы болып,
Сарыарқаны тептегіс қалшылдатты.
Құпияны Берия тындырыпты,
Империя қазақты жын қылыпты.
АҚШпенен атомдық арпалыста,
Жері кең деп сілтепті сұм құрықты.
Жарқ еткені жер бетін дірілдеткен,
Күн сәулесі дермісің күлін төккен.
Ала жалын жарқылы титім сәтте
Тірі жанның көкірегін тіліп өткен.
Саңырауқұлақ секілді бұлт будағы,
Жер мен көкті тез өртеп, күрт бунады.
Қақпандағы қояндай қайран қазақ
Шыдай берді... жарылыстар бір тынбады.
Аңқау елім әу баста түсінбеді,
Үнсіз жауды білмеді от ішіндегі.
90 бомба ауада, жер бетінде – 26
Өшпес қасірет қазаққа түсіргені.
Адамдықтың біржола жойған құтын,
Радиация кімді сау, қойған бүтін?
Ана сырқат, балалар мүгедек боп,
Мәңгүрт етіп бұзды елдің қайран сиқын.
Қулық қандай қылмыстан жалтаратын:
Ауылдарды көшіру басталатын.
Жарылыстың алдында алып кетіп,
Іс біткен соң орнына қайтаратын.
Радиоактивті жаңбырлар ядролық
Жауған тозақ,
Жүрді ел өмір көріп.
Министр боп ауылды аралаған
Фазыл аға зер салды көңіл бөліп.
Сұмдық апат жүрегін зуылдатты,
Одан кейін демеспін тыным тапты.
Қай бірінші естісе, ойран салып,
Құпияны қорғаған мұңы батты.
Кебін киген баяғы жалшылардың,
Ұқты дертін далада малшылардың.
Ашық сынақ зардабын көзбен көріп,
Қарсы шықты жойғандай бар шыдамын.
Қайсарлығы – жүректің жолдағаны,
Дәйек болды Қаныштың қолдағаны.
Үрейлендіріп әлемді, масқара ғой
Мәңгүрт етіп қазақты қорлағаны.
Жоқ... Москва ол жайлы үндетпеді,
Құпия етті ел шеккен індеттерді:
Беляевтің булығып жүргені сол,
Ел алдында ұялмай тілдеп берді.
Қос арысы қазақтың тоқтамады,
Тез жасады ғылыми топтаманы.
Аждаһасын атомның тежеу үшін
Дәлел керек, өзгеше жоқ та амалы.
Ашты Қаныш жарылыстар барлық санын,
Фазыл айтты дертке адам шалдыққанын.
Сонда ел көрді Мәскеу мен Беляевтің
Фазекеңнен сескеніп, қаймыққанын.
Асыл аға ұлтжанды, қызуқанды,
Ыза мен кек көкірегін бұзыпжарды.
Талай барып дерт шеккен ауылдарға,
Өзінің де саулығын бұзып алды.
Жайлауларды атомдық бомба жарған
Барып көріп, өртенді асыл тарлан.
Жер бетінде тежетті жарылысты,
Арман еді олдағы орындалған.
Жеңді заман зорлығы кесек нарды,
Мәскеу оның мінезін есепке алды.
Жер бетінде жарылысты тоқтатса да,
Жер астындағы жарылыстар етек алды.
Еңбегі зор еткенім өзін құнды,
Ақылы мол жақтасам сөзін құнды.
Ол елжұртты ойлаумен жанын өртеп,
Қырық сегіз жасында көзін жұмды.
Өліміне өкінсек бүгін қатты,
Ол зар заман қасіретті жүгін тартты.
Жер бетінде жарылысты тоқтатса да,
Жер астында жарылыс жүріп жатты.
Құпия мықты. Империя қасарыпты,
Шаш алам деп, әрине, бас алыпты.
40 жылда ядролық жер астында
354 жарылыс жасалыпты.
Тиді жойқын бұл зұлмат жанға қатты,
Үнсіз, тілсіз келетін қаза батты.
Қырық жылда бір жарым миллиондай
Мәңгүрт қазақ қиналды аса қатты.
Түсім бе едің, ол заман, өңім бе едің,
Аз уақытта өзгерттіау өңін елім.
Жезқазғанның маңында зардап шеккен
Талай ауыл қасіретін көріп едім.
Ядролық ракеталар тайраң қақты,
Ұлытаудың саласын ойрандатты.
Жетіқоңыр ауылын көріп едім,
Қырсығына зұлматтың тойған қатты.
Соқыр атом қазақты қырып салды,
Адам сақтау деген пәк ғұрып қалды.
Абыралы, Дегелең, Қызылтауда
Радиация талай жыл тұнып қалды.
Атой салып әлемдік қайнарына,
Олжас шықты жар салып жанжағына.
Фазыл аға бастаған ұлы жорық
«НевадаСемей» ұласты майданына.
Өттіау күндер оранған улы шаңға,
Бәсеңдеді кесапат мал мен жанға.
Жер астында жарылыстың тоқталуы
Ел басқарған бұйырды Нұрсұлтанға.
Айәлемге ақ тұйғын хабар жайып,
Бетін басқан көрінді ажалғайып.
Семейдегі ядролық полигонды
Жарлық беріп тоқтатты Назарбаев.
42 жыл полигон билік құрды,
Ес жинадық. Сұрқия білдік сырды.
1991 жыл аяғында
Байғұс қазақ адамша тірлік құрды.
Бастан кешкен кер заман межелерін,
Еңбегіңді, Фазеке, сезер елім.
Мәңгілікке сақтайды есіміңді
Жер бетінде жарылысты тежегенің.
Лидия Петровна – жан жары әрі досы,
Дәл айтыпты құпия сырды осы.
Батыр тұлға жігіттің арыстаны,
Өкіндіріп өмірден өтті тосын.
Ағамыздан айрылған қайғысына,
Осынау сыр кептелсе жан ұшына,
Баласындай қолында өсіп жеткен
Айтқан екен Қайраттай қайнысына.
Толқытты ғой жабық сыр көлкөңілді,
Бір құпия осылай көмкерілді.
Мақтан етем, жан аға, бұл өмірде
Қазақ үшін шайқасып өткеніңді.
Мағжан ағам айтқандай,
Саналыға
Айналды өмір өлімнің қамалына.
Сансыз қырсық кездесті нар қазаққа,
Жан қиғандай ауыр дерт амалына.
Тереңірек үңілсек кешегіге,
Жете алмаймыз тірліктің есебіне.
Ол мерт болды амалсыз ұрынғандай,
Жарылыстар ем көнбес кеселіне.
Ауыр қаза күңірентті аспанды да,
Тебірентті қарттарды, жастарды да.
Ол жерленді Панфилов паркіне
Ақтық жолын Тәшенов басқарды да.
Ел ұрынса зар заман сұмдығына,
Еске салар кеселін туды мұра.
«Мәңгі алау» – соғыстың ескерткіші,
Фазыл бейіті – белгі атом қырғынына.
Қоштасарда ел мұңын ұластырды,
Болды айтқандай халыққа ұзақ сырды.
Өтті өмірден қазақтың заңғар ұлы,
Қаныш, Мұхтар, Сәбиттер жылап тұрды.
Шахтерлерге ауыр зіл салмақ түсті,
Сан жүректе қимастық қайнап пісті.
Мұңға батты Ұлытау бір күрсініп,
Ер Едіге ұйқыдан аунап түсті.
Қызылжардың қайғысы қосылғандай,
Қауырт қаза тап болды тосын қандай.
Алатаудың қыпқызыл батқан күні
Қимай тұрды өлімнен шошынғандай.
Тағзым етіп бақұлдық етті бәрі,
Кетті Алаштың жүректе оты бары.
Нұра толқып, Есілге көңіл айтты,
Тына қалды Сарыарқа тотылары.
Мұң естілді көкте күн күркірінен,
Жас төгілді ақ қайың бүршігінен.
Мұңға батты Шарбақкөл ауылдары,
Аза тұтқан жүректер дүрсілінен.
Беу, жас ұрпақ!
Сыншы боп арада тұр,
Тәуелсіздік төрінен қара да тұр.
Еске алайық нар тұлға Фазекеңді,
Ұмытылып есімі бара жатыр.
Ұқсамайды тілегім налығанға,
Нар азамат жүрді ғой нағыз алда.
Ол Алаштың ұранын ұмытпады
Хрущевизм аязы қарығанда.
Шыққан тұлға бодандық елегінен,
Дос болған жан талай нар кемелінен.
Қошкеменен Қызылжарда іздеп тауып,
Ол жол тапты Мағжанның белеңінен.
Қызақыза келмейді дамылдағым,
Ойлап өттіау дарабоз ауыл қамын.
Жеткізейік ел болып мәңгілікке
Фазыл аға есімін, бауырларым!
22.08.2009.
Бурабай
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі