Көкшеде ғажап сұлу бар – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Көкшеде ғажап сұлу бар» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көкшеде ғажап сұлу бар,
Көрген жан үнсіз қырындар.
Мейірім төккен жүзінде
Жан толқытар жылу бар.
Көргенде бойдың балқуы,
Тұтанар көңіл шалқуы.
Кішкентай ғана аруда
Шексіз жүрек тартуы.
Көрсең көзің қарығар,
Құмартып жүрек қанығар.
Талдырмаш, кербез бойында
Не тілесең – бәрі бар.
Қарай қалса көшеде,
Көз салуды еселе.
Сені мен деп қалып тұр...
– Басқа қазақ, – десе де.
Себебі бар сенбейтін,
Ырымы көп сөнбейтін.
Ол көшеде жалғыз тұр
Мен ешқашан келмейтін.
Сыры да мол сақтайтын,
Мұңы да бар ашпайтын.
Қара жолға қарап тұр
Мен ешқашан баспайтын.

1992


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері