Өлең, жыр, ақындар

Ай неге жалғыз?...

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 1898
Ай неге жалғыз?
Ал, жұлдыз неге көп мүлде?
...Сен де бір сона-а-ау шоғырға аман жеттің бе?
Бақаныңды алып, балтаңды сайлап нойысша,
Күймеңе кердең кесірлеу көкті жектің бе?
Сауалдан ғана тұрмақ па енді бар ләмім?
Дара да туған Айдың да жүзін барладым.
Күйеуден қайтқан әлдебір қыздай бейшара,
Арманым қалды үстінде шардақ арбаның.
Өңірді кетті сағыныш деген сағалдап,
Жұлдыздар жүр ғой көре алмай Айды жамандап.
Көпшілік істер көптігін әркез көлгірсіп,
Болды ғой, әттең, оралмас қайтып маған бақ.
Қасымнан шықпас қасірет деген құт төбет,
Жылт еткен сәуле тағдырдан мүлде күтпеп ек.
Астаудан алтын ас беріп, қалқам, сыйладың,
Көңілді күмән енді шын мүлде күптемек.
…Мен неге жалғыз болғанмын сонда о, тоба?!
Байланған өгіз секілді бағы соқаға.
Ойпаңда өскен қарағай сынды қалғимын,
Біреулер тұрды қол бұлғап сонау жотада.
Төбемде жалғыз Ай ғана жаймен ілбіген,
Білетін едім өзіңнен басқа кімді мен?
Күлді де бақыт шаттыққа батып, сылқылдап,
Айналып кетті жиреніп менен жүнжіген.
Ай неге жалқы?
Күн неге дара?
Таңғалам,
Біз де бір сорлы – жалғыздық кешкен…
Аңдағам.
Аққудан қалған қауырсын сынды айдында,
Тербеткен шайқап толқынға ғана алданам.
Маңқиып жатыр мұнартып мынау маң далам,
Құйындай лағып, сынаптай тоз-тоз сандалам.
…Ай неге жалғыз, Күн неге дара соны айтып,
Сыр шертер әлі табылар ма екен жан маған?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Келмей қойды тірлігім ымыраға

  • 0
  • 0

Келмей қойды тірлігім ымыраға,
Әддім қалмай қол созам құмыраға.
Тарыдай бақ бітпеген тасмаңдаймын,
Ашылмады жолым бір ғұмыры, аға.

Толық

Жүрегіңде атқан таңдай гүл-үміт

  • 0
  • 0

Жүрегіңде атқан таңдай гүл-үміт,
Жанарыңнан тұрар бәрі білініп.
Сол бір дәулет: тек мен үшін жаралған,
Кетпесе екен уыз қалпың бүлініп.

Толық

Өзіңді іздеп таппадым мына әлемнен

  • 0
  • 1

Өзіңді іздеп таппадым мына әлемнен,
Содан соң жолдап отырмын сәлем өлеңмен.
Қайтейін қалқам, шерменде қылмай келсеңші,
Дәм-тұзым біткен, ақырғы демім – өлем мен.

Толық

Қарап көріңіз