Барасың ба болып кекті, Семейім?
Барасың ба болып кекті, Семейім?
Шер-шеменге толып кетті көмейің.
Әкем едің – асылайын мойныңа,
Шешем едің – емшегіңді емейін.
Болсам-дағы қанша батыр, данышпан,
Өлуге әзер қалып тұрмын намыстан.
Адамдарды опа бермес көрдім мен,
Жауын емес, жолдастарын жанышқан.
Туар ма екен сірә заман, сірә күн,
Тоқтататын Семейімнің сынағын?!
Бұл сұмдыққа өзім ғана күйініп,
Бұл сұмдыққа өзім ғана жыладым.
Оңдыртпайды ойлағандар бас қамын,
Басы ауырып көрген емес басқаның.
Маңдайының соры болған бес елі
Қай жерде де қазақ деген «қасқаның».
Айыптымын айтпасам да сөз бөтен,
Басқасы алтын, менің халқым жез бе екен?!
Құйқа тамыр шымырлатқан сұмдықты,
Амалым не...
Көре тұрып сезбесем?!
Жез табаққа айналғанда алтын күн,
Шындық іздеп шырқырадым, шарқ ұрдым.
Алау жағып
Арасынан өтсем де,
Пысқырмады
Салты ғой д
еп халқымның.
«Енді қашан, енді қашан?!» деуменен
Талай отты өшірдім мен кеудеден.
Тақыр жерде құлап қалған теректей,
Тамырын – тас,
Қабығын – құрт кеулеген.
Енді қашан?!.
Енді қашан тынады?!
Ығыр қылды-ау жер астының сынағы.
Жеті қат жер тыныштығын кетірген
Кімге тағам,
Кімге жабам кінәны?!
Кейпіндей-ақ қылқан жұтқан көмейдің,
Қылпылдаған күйге түссем, не деймін?!
Өскеменнің аш өзегі өртеніп,
Сай-сүйегі сырқырады Семейдің.
Ұлан белде ыдырады ырыс-құт,
Аспан жезге айналғанда, құрыш бұлт.
Қабірінен аунап түсті ұлы Абай:
«Бұл жақта да болмады-ау, – деп, – тыныштық!»
Адам едік жайшылықта жайдары,
Күйге түстік жел еспеген айдары.
Анығын да, қанығын да білмедік,
Кімге зиян,
Кімге, сірә, пайдалы?!
Қояр емес,
Аяр емес мені ешкім,
Талай-талай қабырғаммен кеңестім.
Азабына төзіп едім сынақтың,
Мазағына төзе алатын емеспін!
«Сынақ тынды!
Сынақ тынды!» десек те,
Әлі күнге алқынады қос өкпе.
Алданғанын,
Арбалғанын халқымның
Алған кім бар,
Салған кім бар есепке?!
Сынақ тынды...
Сынақ тынды, сонда да...
Қарауыл тұр қанаттарын қомдаған.
Жарақаттап жүрегімді – жанымды,
Жар астында жасырынған оңбаған.
Сынақ тынды!
Мен де тыным табайын,
Күттім сені ағарғанша самайым.
Тақиясын лақтырып аспанға,
Сүйінші сұрап келіп жатыр ағайын.
Сынақ тынды!
Рас болса тынғаны,
Қалды, әйтеуір, туған елдің қу жаны.
Қанша жылдар
Қабырғасы қақырап,
Қанша жылдар
Қаусағаны, сынғаны.
Быт-шыт болды қазағымның картасы –
Тілім-тілім тауы-тасы, жартасы.
Аждаһаның үні тынса,
Амалсыз...
Ол да болса –
Олжасымның арқасы!
Сынақ!
Сынақ менің ғана білерім,
Кетіргендей қара жердің реңін.
Бас айналып,
Қос құлағым шыңылдап,
Миым мұздап,
Сыздайтындай жүрегім.
Жан біткеннің ет-жүрегін шымшылап,
Қайта-қайта тынбай қойды-ау бұл сынақ.
Үйшігіне бассауғалап тығылар,
Иттің өзі шыдай алмай қыңсылап.
Көл шайқалып,
Бел жатқанда бусанып,
Көңіл шіркін әлденеге сусады...
Тамырынан түсті ме екен қиылып
Жуас қырдың желкілдеген жусаны?!
Жайшылықта басын тігер кім оққа?
(Шыдаған жан түсер бірақ шын отқа!)
...Қара жердің қасиетіне тәнтімін
Халқым үшін төзе білген сынаққа!
Жасыл белдің жыртылғанда желегі,
Қажет боп тұр енді соның төлемі.
Қырық жылдай ұшыратып қырғынға,
«Кәмпит» беріп алдағысы келеді!
Бәрі тынды!
Бәрі тынды дегенмен,
Тым құтылып кеткен жоқпыз көгеннен.
Қайран Елім!
Болар күнің бар ма екен
Көсемі бар... көсегесі көгерген?!.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі