Мұнарлы тау басында – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Мұнарлы тау басында» атты Сырбай Мәуленов жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2995
Ақшамда биігіне Сырымбеттің,
Жүгіріп басқалардан бұрын жеттім.
Мен мұнда тұрғандаймын күнге жақын,
Мен мұнда ұққандаймын сырын көктің.
Кешкі бұлт секілді бір алтын балық,
Қиядан қиялымды тартып алып,
Жүзеді жайлап аспан теңізінде,
Қанаты найзағайдай жарқыл қағып.
Кешкі бұлт кейде дала маралындай,
Маң басып, маңғаз қарап барады жәй.
Кейде бұлт құбылады қанат жайып,
Тотының көктегі бір аралындай.
Кейде бұлт бірін-бірі қуа бермей,
Тұрады қаңтарулы Құлагердей.
Соғады қоңыр самал Сырымбеттен,
Ақанның әнін алған мұрагердей.
Аспандап ұшқан жырмен Ақшоқыдан,
Ақанды бала кезден жатқа оқыған,
Болатын сұлу таулар жаралғандай
Өрімтал Әйгерім мен Ақтоқтыдан.
Өзінен аты жеткен бұрын көпке,
Көтергсн өлең-жырдың туын көкке,
Мен тұрмын Сырымбеттің биігінде
Айқайлап қайта басып Сырымбетке.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері