Кетті «қонақ» келді шашып үйді – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Кетті «қонақ» келді шашып үйді» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 630
Кетті «қонақ» келді шашып үйді,
Істі болды сосын ол басы қилы.
... Көп ұзамай етігін қолына алып,
Аяғына жаңалап мәсі киді.
Құрып қалмас тұқымы – қарға сиреп,
Айта алмаймыз әлі де арға түйреп.
Біліп жүрміз, ләм демей тырбынамыз,
Доңғалағы байланған арба сүйреп.
Құтырынад ішімде қасқыр ұлып,
Түсіп қалды арбадан басқұр, уық.
Шаңырағы тек қана дағарадай,
Құлата ма деп қорқам қас қып ұрып.
Тілден безген жексұрын жаны ауырмас,
Қолтығына су бүркіп самауыр бас.
Арқасынан қағады әпендінің,
Қолшоқпары болған соң, әрі ауылдас.
... Өте ересен бітіпті шыдам маған,
Мәсі киіп біреу жүр сылаңдаған.
Ала-құйын сәттерде жан түсінбес,
Түлкі тонын шешкенін кім аңдаған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері