Жер түрлентіп жараттың – Шал Құлекеұлы

Бұл бетте «Жер түрлентіп жараттың» атты Шал Құлекеұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жер түрлентіп жараттың
Желкілдеген бозымен,
Қой түрлентіп жараттың
Бауырынан емген қозымен.
Ағашты да түрленттің
Жапырағын жайқалтып,
Құстарды да түрленттің
Жұмыртқасын шайқалтып.
Тауларды да түрленттің
Жылғалап аққан бұлақпен,
Ешкілерді түрленттің
Бауырынан емген лақпен.
Көлдерді де түрленттің
Жағалай біткен құрақпен.
Бір жаратқан пендеңмін,
Перзент үшін жылаттың.
Балалы арқар маңырайды,
Баласыз арқар зарлайды,
Балалыны көргенде
Екі көзім жайнайды,
Ішім оттай қайнайды!
Бүйтіп жүрсем, Сердеке-ау,
Ғаріп бір басым не табар,
Үйге келсем, қатындар
Менен де жаман зар қағар!.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері