Жұлдызға жанған үміткер – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Жұлдызға жанған үміткер» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жұлдызға жанған үміткер,
Жаһанды біз де кезіп ек.
Алыста жүрген жігіттер,
Ауылға орал тезірек.
Кездесу деген ғаламат,
Адамның асыл арманы.
Табады жаның қанағат,
Ұмыт боп дертке салғаны.
Тез оралсаң қинатпай,
Сол шығар Құдай бергені.
Аспаннан жауған құймақтай,
Күтпеген бақыт келгені.
Бөлінбес сырды бөлгенде
Өмірге сендей бар ма ерке?
Аңсаған жанды көргенде
Орнайды қызық жәрмеңке.
Қобалжу, толқу әкелер,
Қоштасу – тағдыр бұйрығы.
Аспаннан жұлдыз әперер,
Кездесу – өмір сыйлығы.
Не көрмейді өз басың?
Аңсаған тойын құрып бер.
Атамекен тозбасын,
Ауылға орал, жігіттер!

19.05.1998


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері