Сапты аяқ – Ілияс Жансүгіров

Бұл бетте «Сапты аяқ» атты Ілияс Жансүгіров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қарынсау, қара тегештей,
Қара қоңыр саптыаяқ.
Дөңгелек қарын, кемештеу,
Ақжем ернеу, ақ қабақ.
Шығыршығы шыңғырлап,
Айнымайды арбыздан,
Тау суындай салдырлап,
Құйылса қымыз құндыздан.
Бауырдай қатық балбырап,
Қоймалжың қою құйып құрт,
Жұмып көзді жұтқамын,
Мөлтілдетіп малып мұрт.
Қабаққа біткен қайыңның
Беріші еді, безі еді.
Өтіндей-ақ аюдың
Әкемнен қалған көз еді.

1925 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері