Қазақстан – Мақпал Жұмабай

Бұл бетте «Қазақстан» атты Мақпал Жұмабай жазған отан туралы өлең берілген.

Кең далаға төгілген нұр, араймын,
Шалғыныңа байланған құралаймын.
Айдындарым, тауларым, ормандарым,
Мен өзіңнен ешқайда ұзамаймын.
Өзіңменен жаралған жарасым ба?
Батырлық та, ерлік те бар осында.
Сезіледі мәңгілік бір ұлылық
Алтай менен Атырау арасында.
Сен жасадың дәуірлік жаңалықты,
Құдіретіңді сондықтан ғалам ұқты.
Үзеңгіден басталған өркениет
Тасқа басып қалдырды даналықты.
Сескенбейміз.Тынбаймыз. Құламаймыз.
Біз кішкентай Мұхтар мен ұлы Абаймыз.
О, замандас, сездің бе, кең даланың
Үміттерін көтерген Толағай – біз.
Сол даланың сарынын, жидым әнін,
Тамырымнан жүйткіген күйді ұғамын.
Сенің барлық қайғың мен мұңдарыңды
Жұдырықтай жүрекке сыйдырамын.
“Басы барды идірген” дана бабам,
Күлтегіннің рухына қара, балам!
ХХІ ғасыр тұр буырқанып,
Қазақстан картасын даралаған.
Жылайды өлең немесе күледі өлең
Дүбіріңе күн сайын жүрек елең.
Мен таңертең ұйқымнан, әруақтанып
Қазақстаным бар деп түрегелем!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері