Жетім шам. Жесір көбелек – Тоқтарәлі Таңжарық

Бұл бетте «Жетім шам. Жесір көбелек» атты Тоқтарәлі Таңжарық жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жетім шам. Жесір көбелек.
Мәнісі қандай жарықтың?
Бір-бірін жіпсіз өрелеп...
Көлкіген елес - табыт - нұр.

Бөлменің іші күңгірт тым,
Күңгірт тым көңіл-күйім де.
Қарайды маған мүлгіп кім,
Шыңырау ойдың түбінде?

Қоңырау үнін естідім,
Естідім, әлде азан ба?
Өзгеше еді кешқұрым,
Өзгеше еді саз онда.

Бұтарлап бұлтты Ай туған,
Қайтадан жүзін жасырды.
Оқиды, қарғам, қай туған,
Қанатыңдағы хатыңды?

Жетім шам неге бөлемек?
Дауасы болса айт емін.
Қаңғыған бейбақ көбелек,
Қанатың күйсе, қайтемін?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері