Кел, екеуміз тост айтайық, – Тоқтарәлі Таңжарық

Бұл бетте «Кел, екеуміз тост айтайық,» атты Тоқтарәлі Таңжарық жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кел,
екеуміз тост айтайық,
қаңсыған сағыныш тостағанын көтеріп,
ғашықтықтан зардап шеккендер үшін;
күлсалғыштан шұбалған түтін
бөлмені кезіп,
төрт қабырғада сенделгенін көрдің бе?..

Кел,
екеуміз тост айтайық,
мерт болған сезімдердің мүрдесін сүйреп,
көзінен бір тамшы жас шықпайтындар үшін;
терезеге қайта-қайта соғылған
жынды көбелектің қанаты өртеніп,
шырқырағанын көрдің бе?...

Кел,
екеуміз тост айтайық,
тоқтамай сөйлейік,
ұзақ жыр оқиық,
жер жұтқан іздері көрге шұбырып,
дұға дәметпейтін күнәһарлар үшін;
қапырық бөлмеде күрсініске тұншығып
солған гүлдің шөліркегенін көрдің бе?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері