Жұлдыз - ой – Мақпал Жұмабай

Бұл бетте «Жұлдыз - ой» атты Мақпал Жұмабай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Түнгі мезгіл. Ой күзетіп отырмын.
Ұнамайды маған ешбір бүйткеннің,
Ұнамайды жағаласып жаныммен
Үргені өңкей иттердің.
Аспан жақтан түсе қалса арқандар,
Өрмелеуге мен де дайын тұрар ем.
Жүрегімде, жүрегімде - қалқан бар,
Жұлдыздардың қал-жағдайын сұрар ем.
Мені емес, мен оятып таңдарды,
Ұзақ-ұзақ отырамын бұл күнде.
Арпалысым, үмітім де үкілі –
Тәкаппарлау күлкімде.
Уақытымды түк үнемдей алмаймын.
Биіктеумін жауқаудан.
Кіп-кішкентай жүрегімнен аумаймын
Алданатын аңқаудан.
Түнгі мезгіл. Ой күзетіп отырмын.
Қандай қысқа түні, түні көктемнің.
Таңды бүгін тағы көзбен атырдым
Мен ойланып бітпедім...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері