Жүрегім - жанымның еркесі – Мақпал Жұмабай

Бұл бетте «Жүрегім - жанымның еркесі» атты Мақпал Жұмабай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қайтадан батты сүйретіп барлық мұңды Күн,
Ұғынып жатыр кімді-кім?
Бурыл бұлтты да біреу-міреуге ұқсатып,
Ойнаған қызбын. Бірақ та неге мұңдымын?
Іздеумен кеткен жылылау жердің жәннатын,
Мүмкін, мұң анау күздегі құстың қанаты.
Мүмкін, мұң анау тесіле жерге қараудан
Шаршаған жұлдыз таңертең көлге таматын.
Куәгер, мейлі, күндіз-түндегі күйге де,
Мұң деген мүмкін мөлдіреп тұрған терезе.
Бақ беріп бірде... бірде бақытын ап кеткен
Мұң деген мүмкін еркіңнен тыс ереже!
Көздің де жасын төгілте алар сел ете,
Мұң деген, мүмкін, келеке.
Мұң деген, әлде, сана ма,
Оянып кеткен сезімнің бәрін сең ете?
...Дәл өзі. Мұң ол ананың шашындағы қыраулар,
Оның әрбір талында да сұрау бар.
Мұңдар да ағыл-тегіл боп,
Кей кезде егілетін жылаулар.
...Есейген ерте Есі
Жүрегім – жанымның еркесі.
Мендегі мұң
Мендегі Баян жүректің
Қозы Көрпеші!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері