Анамның көз жасында іркілемін – Динара Мәлікова

Бұл бетте «Анамның көз жасында іркілемін» атты Динара Мәлікова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Анамның көз жасында іркілемін,
Мұңсыздау сұқтанды екен көркіне кім?
Жырымды жайнамаз ғып жайдым, Алла,
Құлыңның қабыл етші бір тілегін!
Әкемнің қиялында үзілемін,
Ілесе алар оның ізіне кім?
Өмірдің саусағынан сүйіп тұрмын,
Тірі боп одан қалай безінемін?
Әжемді әнге қосты дала бүгін,
Ғасырлар жазып алып даналығын.
Ақылымен есейтіп жіберді ме,
Жаулығына байланып бала күнім.
Ауылды аңсағанмен бара алмадым,
Жат жер үшін рас екен жаралғаным.
Қара жолда қалды ма аласарып,
Әке сенің аяулы ақ арманың?
Бүгінде неге сонша мұңданамын,
Табанында тозамын бір қаланың.
Жаныңның ауырғанын жаным сезді,
Осы екен ғой өмірде мұздағаным...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері