Дел-сал болып жыламағың қара күз – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Дел-сал болып жыламағың қара күз» атты Манарбек Қарекенов жазған табиғат туралы өлең берілген.

Дел-сал болып жыламағың қара күз,
Өлең қонған біз көңілшек адамбыз...
Қызыл-сары жапырақты жиып-ап,
Жан сарайды жаншып қайда барасыз?!

Кетпестей боп көрініп ең түнеу күн,
(Бәрі өткінші мына өмірде білемін...)
Аққу-қазды шулаттың да аттандың,
Құстарменен бір кеткендей жүрегім.

Неге асықтың. Қысқа беріп кезекті,
Суық күнмен жаураттың-ау өзекті.
Күні ертең айналаны қар басып,
Жұлмалайды боранымен теректі.

...Алма кезек көшер маусым, амал жоқ,
(Ұстап тұрар бір мезгілді шараң жоқ!)
Аязымен шымырлатар жүзіңді,
Уақытша екен келер қыс та қонақ боп!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері