Сырғанақ өмір – Манарбек Қарекенов

Бұл бетте «Сырғанақ өмір» атты Манарбек Қарекенов жазған өмір туралы өлең берілген.

Балалығым бал кездерім, өткенім,
Сенде қалған сағынышым көп менің.
Шана сүйрей жүруші едік, дөң іздеп,
Қынжылтады, оралмайды кеткенің.

Мұз іздеуші-ек сырғанауға желдетіп,
(Арқа тұсты жүруші едік терлетіп).
Қолымыздан жасаушы едік мұз алаң,
Аппақ қарға суды құя көлдетіп.

Достарыммен жиналушы ек ойынға,
(Одан өзге болмаушы еді уайым да!)
Жүгіруші ек кезек-кезек құлдилап,
Кім ұзаққа сырғиды деп соңында...

Күш-жігерді тұрушы едік көп сынап,
(Өмір алда, тұрған екен көп сынақ).
Жылтыр мұзға біз төсеген кешегі,
Сүрінсек те қайта тұрдық көп құлап.

Бірі алысқа кетті әкетіп шанасын,
Бірі кетті, көрсетпестен қарасын.
Кібіртіктеп бірі қалды ортада,
Одан өзге болмағасын шарасы.

Балалық шақ артта қалды жаздай боп,
Сағыныштан көңілімде маздайды от.
Біз тайғанақ жасап алған сол кезде,
Әттең, уақыт еріп кеттің мұздай боп!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері