АЛЫСТАҒЫ АРМАН – Мықтыбек Оразтайұлы

Бұл бетте «АЛЫСТАҒЫ АРМАН» атты Мықтыбек Оразтайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жанарыма үйірілген шер-мұңды,
Сиретем деп жігерім де болдырды.
Елеңдетіп, алаңдатып өзіңе,
Алабұртып қоясың ғой көңлімді.

Кім біледі, сезім мына арсыз ба?
Сергелдеңін аз тартпадым онсыз да.
Адасумен келем әлі арманнан,
Мен қалайша түсіп кеткем жолсызға?

Көз ұшында көмескілеу сол жарық,
Жеткізбейді, жетер едім — жол жабық!
Сирек келер хабарыңа алданам,
Қуанамын әлдеқандай олжа қып.

Құшағы мен мейірімі тар ғалам,
Таусылмайтын тұзағыңа қармалам.
Мағынасы, мәні қашқан, тартымсыз,
Жырларыма мен қашанғы алданам!

Солғын тартқан әлемімнің шырайы,
Көңілімді қалдырады ұдайы.
Алдамшы өмір, дүние жалған шығар-ау,
Бірақ, менің сезімдерім шынайы!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар