Наурыз – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Наурыз» атты Роза Сейілхан жазған мерекеге арналған өлең берілген.

Наурыз айы, тербеген сезім қылын.
Көктем деген, жеңісі төзімдінің.
Армандарға ақ Айдың нұры тамып,
Гүл шыққанда бөктерге көз ілді мұң.
Жаңа көйлек үстіне киіп келген,
Сені көктем бәрінен биік көргем.
Мейіріміңнен нәр алды бар дүние,
Сен Анасың ақ сүтін иіп берген.
Шатырлар тұр тежемей тамшыларын,
Сайрашы бір бұлбұл құс, ән сұрадым.
Көз ілмеген көктемнің түндерінде.
Жарық болып кеткендей жан шырағым.
Қуантады құстардың салған әні,
Өмір қайта түлейді жанданады.
Көптен күткен көктемі келіп, жетіп,
Қыз үміті тағы да жалғанады.
Барлығы да басында сағындырып,
Ал содан соң тұрады таңың күліп.
Қылтиғанда бәйшешек қар астынан
Маза кетіп, салады жаның бүлік.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері