Күтеді енді ғылымның көмбесінен –
Сәли Садуақас
Бұл бетте «Күтеді енді ғылымның көмбесінен» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(қызым Салтанатқа)
Үмітімнің осы ма ақталғаны,
Он жылдықтан отырсың аттанғалы.
Аттандырар алдында ата-анаңның
Жөн де шығар ел-жұртқа мақтанғаны.
Қыздыратын бұл жегжат, о туысты,
Қуаныштың шынында оты күшті.
Қуан қызым сен де бір қоғамдағы
Болмақшысың өнерлі – оқымысты.
Санаққа ендің, бола біл санаттарда
Әлі талай түсесің сараптарға.
Қадірін біл заманның, әжең марқұм
Жете алмаған қойқаттық сауатқа да.
Сауат тұрмақ, болмаған еркіндігі,
Шел жұқпаған ондағы ел тірлігі.
Ал, мінеки Отан-ана сен секілді
Қыздарының көңілін желпіндірді.
Тәтті ойлардың бағына төте кіріп,
Ізгілікті сендерден етем үміт.
Алдыда жүр ағалап, әке-шешең
Жүрсін десең иығы көтеріліп.
Электрон меңгерген таңда, мына,
Ұмтылғандар талаптың талғарына –
Салмақ қосып сананың салмағына,
Жетері хақ оқумен арманына.
Алатұғын өмірде мол несібең,
Озады адам – адамнан зердесімен.
Ал, қарағым, өзіңді Отан,
Халық –
Күтеді енді ғылымның көмбесінен.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі