Бұл бетте «Нұрбек көлге құлады» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Шыбық атты сүйреткен,
Танысыңыз Нұрбекпен.
Лағы бар жетекте –
Сүзеген қып үйреткен.
Үйреткен-ді жапалы,
Болды «мықты» тапалы –
Мүйіз шығып сүйемдей,
Екі елідей сақалы.
Бір болатын Дүрмекте,
Уәде еткен Дубекке:
Лақтардың қауқарын,
Сүзістіріп білмекке.
Көл жағалап келеді,
Аяңдайды, «желеді»
Шөліркеген лағы,
Суға қарай төнеді.
Жібермейді бірақта,
Ширығуда лақ та.
Жарар еді-ау жануар,
Қалдырмаса ұятқа?!
Дегенімше болмады,
Тайғанақ тар жолдағы –
Иесіне тап берді,
Босап лақ қолдағы.
Жымырайып құлағы,
Тік секіріп лағы –
Періп кетті, тайғанап
Нұрбек көлге құлады.
Нұрбек көлге құлады,
Айғайлады, жылады.
Жағада тұр жайылып,
Шөлі қанған лағы.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі