Жексенбі – Сәли Садуақас

Бұл бетте «Жексенбі» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жасаған биыл сексенді
Атасы, ертіп Жексенді –
Бақшаға кетті ойнатып
Күн ашық еді – жексенбі.
Тамаша көріп, тоқтала
Жеткенде әрең қақпаға –
Жолыға кетті шуласып,
Жарыса сөйлеп топ бала.
Сөйлесті сәтте танысты
Барлығы қоршай жабысты.
Дем алды ата, балалар
Ойнады, күлді, жарысты.
Малтады, допқа ұйысты
Қала сап, үй де жиысты.
Бөлініп топқа «ұрысты»
Бақшаны басқа киісті.
Күресті, кезек күш алып,
Алысты шаттық, құсалық.
Уда-шу, айғай, жүгіріс
Ілезде кетті түс ауып.
– Жүріңдер алма тереміз!
–Келіңдер аю көреміз!
– Кетеміз!
– Келер жексенбі –
Тағы да ойнап келеміз.
Әңгіме айтып еседі.
Әндетіп, билеп «бөседі»
Демалыс күні бәрінің
Іздейтіндері осы еді.
Тапсырма бар деп кешегі,
Кетісті қайтып нешеуі.
Бір тобы: бүгін демалыс
Ойнаймыз әбден деседі.
Шыжып тұр, жаздың күні ащы,
Айтысты жалған, расты.
Топ бала енді Жексеннен
Жексенбі күнін сұрасты.
Жастанып көздің шанағы,
Тұнжырай қалып қабағы.
«Менде жоқ бірде жексенбі»
Деп Жүкең жерге қарады....
* * *
Жасаған биыл сексенді,
Атасы ертіп Жексенді.
Уәде берді: әр күні,
Беретін болып «жексенбі».


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері