Бұл бетте «Дұрыс па?» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Сексендегі қарт атасы Шекердің,
Білуші еді көп тілдерін шетелдің
Сондықтан да, газет, журнал, кітапты
Көп оқитын, өткізбейтін бекер күн.
Көргендіктен артық қимас досынан,
Кітапқұмар атаныпты жасынан.
Кейде әдеті үйде, түзде, аулада
Немересін қалдырмайтын қасынан.
Аздап діріл болғанымен үнінде,
Тоймаушы еді үйренуге – білімге.
Сөйлесе де өзі болып қайсы ұлттың,
Титтей мүкіс болмайтұғын тілінде.
Тұрған биыл алты жастан асқалы,
Білмейтұғын тек ойыннан басқаны –
Шекер бір күн атасына еркелеп
Асылды да, былай сұрақ тастады:
– Яслиден оқы дейсің биыл да,
(Көп әріпті жаттасам да миымда)
Енді оқысам шетел тілін үйренем,
Оны үйрену оңай ма, ата, қиын ба?
Гүл-гүл жайнап албыраған беті анау,
Секілденіп көрініп тұр от – алау.
Немеремнің ойындағы тілегін,
Күні бұрын бір сезбеген екем-ау.
Неткен жақсы ой-арманы көкемнің,
Деп түйді де қарт атасы Шекердің,
Қысқа ғана берді сөйлеп ұғымды,
Үйренетін тілі жайлы шетелдің.
– Қиындығы қиын балам, расында,
Талай–талай өткелек бар басында –
Кейінірек болады оңай бірақ та,
Қиналмассың, мен бармын ғой қасыңда.
Деді атасы көңіл күйі тасыған,
Сипап тұрып Шекерінің шашынан.
Деді Шекер: онда үйренсем жөн екен –
Оңайларын, әуреленбей басынан.
Барлық бала ата-анаға, туысқа
Шекерше ойын жасырмауы тиісті, ә!
Бірақ тағы ойлаңдаршы өрендер,
Оның соңғы тұжырымы дұрыс па?!.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі