Бұл бетте ««Бала бидің» төрелігі» атты Сәли Садуақас жазған бала туралы өлең берілген.
Білмедік түннің қай тұсы,
Олардың қызған айтысы.
Тақырыбы: зәру біз үшін,
Ай мен күннің қайсысы?
Біреуі күнді мақтады,
Нешеуі оны жақтады.
Жазғырды айды, даттады,
Елеуреп ауыз жаппады.
Біреуі айды мақтады,
Айтарға теңеу таппады.
Кінәдан оны ақтады,
Қарсы дау бірақ қаптады.
Ойында жоқ қой өрелік,
Қызығын енді көрелік.
Бәріне енді «бала би»,
Жасады былай төрелік:
– Қараңғы түссе, әрине,
Жағамыз шырақ, әр үйге.
Болмаса ай түнде ойынға,
Шыға алар ма едің, бәрің де.
Жиылсақ түнде бәріміз,
Әрине айға зәруміз.
Айсыз түн сыртқа шықпаймыз,
Ойынға қайтып жараймыз.
Күндіз айқын жері өңі,
Барлығын көзің көреді.
Қараңғы емес, ал, күннің
Қаншалық сонда керегі?
Жаутаңдап «биге» қарасып,
Балалар кетті тарасып.
Бірақта әрбір санада,
Ұғымдар жатты таласып...
Байқатып бірде даналық,
Істейтін кейде шалалық –
Жататын ойы жаңарып.
Қызық-ау, шіркін, балалық.
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі