Көзім жетті – Сәли Садуақас

Бұл бетте «Көзім жетті» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Атасының сиынып аруағына,
Жетті балам ақыры арманына.
Жайнаң қағып, мойнына сумка асынып,
Бір ай болды мектепке барғанына.
Қай қоғамда болса да қандай надан,
Ұрпағына үмітін жалғайды адам.
Мәлім күні сұрадым: – өздеріңе
Сабақ өткен мұғалім қандай, балам?
– Мұғалім бе, мұғалім – Мәлік, – деді,
Үлкен–үлкен жазатын әріптері.
Жалықпады, сабақты жақсы өтеді,
Бірге оқиды бізбенен әліппені.
Ол да біздей партада бірге отырыпты,
Көп-көп оқып ержетіп, жетіліпті.
Бірақ бүгін өткенде есеп бізге,
Абайламай айтты бір өтірікті.
– Иә, қалай? тіксіндім қас қағымда,
Деді балам: – мұғалім бастабында –
Төрт болады шығынды деп үйреткен,
Екі менен екіні қосқаныңда.
Қате ме әлде үйреткен бұрынғысы,
Ұқсамайды оқытқан бүгінгісі.
Үшке бірді қосқанда оның-дағы,
Төрт болады деп соқты шығындысы.
Қайсысы рас, қайсысы жалған мұның,
Жалған болса жұғады қайдан білім?
Ең алдымен мен сездім есептеуде,
Мұғалімнің жаңылып қалғандығын.
Мұғалімнің дәлелдеп «өтірігін»,
Масаттанып өзінше отыр ұлым.
Ешкімнен де қайтпаған беті бұрын,
Су мұрынның қарайгөр көпіруін...
Батылдығын баланың байқадың ба?
Дәт қылмадым месе қайтаруға.
Көзім жетті бірақ та, әйтеуір бір күн,
Өзі келіп, өз мінін айтарына.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері