Қарағай мен сексеуіл – Сәли Садуақас

Бұл бетте «Қарағай мен сексеуіл» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(баллада-аңыз)

Дамымаған ақыл-ой мен саналар,
Сонау ерте, ерте кезде балалар –
Боз жусанды–боз даланы мекендеп,
Өткен екен біздің момын Бабалар.
Жотасындай жолбарыстың жондары,
Гүл бүркенген сай-саласы, аңғары.
Көркемдігі көз жаулайтын таулары,
Көп түлеген, көк тіреген заңғары.
Ну жыныспен көмкерілген бар маңы,
Байлық екен қойны толған қордалы.
Қой секілді өреді екен ауылдың,
Іргесінен қоңыр-қоңыр аңдары.
Бір суретші қолмен жасап қойғандай,
Орман қайда ол кездегі ормандай?!
Елі қандай есіл еді ол кездің,
Берекеге ұйытатын айрандай.
Білмейтұғын айғай-ұйғай, сүренді,
Адамдары қызыл шырай, нұр өңді –
Алқам-салқам Атымтайдай жомарттар,
Бір қария басқаратын бір елді.
Қаратаудай салмақты елдің төзімі,
Данасының даласындай сөзі ұлы.
Ондағы елдің дариядай көңілі,
Кристалдай кіршіксіз-ді сезімі.
Бишілері бұралатын боз талдай,
Жыраулары күміс көмей, жез таңдай.
Жел тимеген көлдей өмір, жататын,
Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай.
Тау, даладан, өзен-көлден, бұлақтан,
Жататұғын ән-күй тарап жыраққа.
Сұлулыққа толғанымен күллі өмір,
Сүркейлік те болушы еді бірақ та...
Кең қоныста жасай алмай келісім,
Бір-бірінен қызғанысқан өрісін.
Енді айтамын, тыңдаңыздар сондағы,
Қарағай мен сексеуілдің керісін.
Әлмисақтан бірге қонып, көшкенін –
Ұмыттырып бірлікте ойнап өскенін,
Қызғаныштың қызыл иті қыңсылап,
Кетіріпті екеуінің естерін.
Әзәзілдің аздырды ма жетегі,
Берекенің кетіпті де кетеуі,
Ұлан-ғайыр кең далаға таласып
Араз, ашты болысыпты екеуі.
Шамаластау болса-дағы жастары,
Алды – алдына жасалыпты жоспары.
Алакөз боп аралары алшақтап,
Бір өңірде қосылмапты бастары.
Естімепті ағайынын, алашын,
Дос-жарлардың насихатын, бағасын.
Қан жаласып серт беріпті өзді-өзі,
Бір-бірінің көріспеуге қарасын.
Жын-албасты көлегейлеп көздерін,
Жиреніпті ақылынан өзгенің.
Ант ішіпті оңашада екеуі,
Бір-бірінің жоймақ болып көздерін.
Сумаңдаған қысыр жылан секілді,
Өсек тасып, ғайбат айтып не түрлі,
Арамзалар араға сап іріткі,
Қуанғаннан алақайлап секірді.
Болғандықтан екеуі де тіл-жақты,
Бірін-бірі аянаттап тынбапты.
Биіктігін мақтаса нар қарағай,
Ал, сексеуіл шымырлығын бұлдапты.
Сәби тілді бала айтса да сенбепті,
Салиқалы дана айтса да көнбепті.
Жыланменен Тәует сынды аңдысып,
Бір-біріне титтей ырық бермепті.
Дүрліктіріп дүниені, жер-көкті,
Өсек тасып өрлі-қырлы жел кетті.
Татулыққа, берекеге үндеген,
Ел тіліне екеуі де көнбепті.
Бұта-бүрген, жан-жануар жақыны,
Қанша айтса да дарымапты ақылы.
Күн-күн сайын көкбеттенген екеуі,
Қол топтасып соғысыпты ақыры.
Жанып тұрған жанарлары шырадай,
Үңгірлерге айналыпты ұрадай.
Екі жақтың жасауылы санақсыз,
Баудай түсіп, қырылыпты қынадай.
Ой менен қыр күңіреніпті налалы,
Зеңгір аспан күй кешіпті қаралы.
Ашылған соң екеуінің араны,
Толарсақтан қан жауыпты даланы.
Тарс жабылып мейірімнің қақпасы,
Ойран бопты он мыңдаған отбасы.
Қан майданда қанқорларды тыя алмай,
Күйзеліпті күллі әлемнің патшасы.
Қос содырдың тоқтата алмай егесін,
Дал болыпты талай елші–төрешің.
Патша ақыры тыңдау үшін барыпты,
Су перісі Сүлейменнің кеңесін.
Ол айтыпты:
– Бар парызыңды өтедің,
Болдырыпсың, кетіпті әбден кетеуің.
Қызыл қырғын тоқтамайды мәңгілік,
Екі жаққа қондырмасаң екеуін.
Жосын айтып тежеуің мен тектеуің,
Жоя алмады екеуінің кектерін.
Сондықтан да қажет енді олардың,
Бірін тауға, бірін ойға жөткеуің.
Саялаған қарт еменді, топ талды,
Соны айтты да су перісі тоқталды.
Деді патша:
– Пірім саған тапсырдым,
Сөз жемеген мынау екі сотқарды.
Үкім айтып екеуіне ақырғы,
Су перісі қаһарланды, ақырды.
Бойындағы барлық жынын шақырды,
Лай теңіз – топан суын сапырды.
Су аяғы құрдымға айдап сестерін,
Айбатымен қайтарды да дестерін,
Су перісі тұншықтырып екеуін,
Талай сөтке жиғызбады естерін.
Әйтеуір бір күн әредікте – бейуақта,
Жан шақырып, келіп әрең қайратқа –
Қарағайлар қырға қарап өрмелеп,
Сексеуілдер жылыстапты ой жаққа.
Екеуі де арып-шаршап, қаңғырып,
Мекен іздеп болыпты әбден қанжілік.
Содан былай бірі тауда, бірі ойда,
Қалған екен ірге теуіп мәңгілік.
Қарағайлар көп болғанмен сан жақтан,
Мұңы бар-мыс өзегінде сан батпан.
Бұтақтағы сояулары санақсыз,
Сексеуілдің жебесі екен сонда атқан.
Адамдардың көп жауатын алғысы,
Ұлы таудың болғанымен нәрлісі,
Қарағайда жапырақ жоқ болыпты,
Тигендіктен сексеуілдің қарғысы.
Ерекше ғой тамыр жайып шығысы,
Ойда өсетін ағаштардың сірісі,
Сексеуілдің тыртық бопты өн бойы,
Көп тиген соң қарағайдың қылышы.
Соны ойласа қабырғасы сөгіліп,
Жылайды-мыс ауық-ауық егіліп.
Қарағайдың қарғысына қалған соң,
Тұрады екен құм боранға көміліп.
Әлмисақтан аңыз болған есімі,
Алды-артына бұйырғанмен несібі,
Әрекенің басы бопты,
Қарағай –
Сексеуілдің жанжалының кесірі.
Келмеске айдап ынтымақтың кемесін,
Малданғандар өктемдіктің елесін –
Енді бүгін зарланғанмен не пайда?
Бір-бірінің көре алмайды төбесін.
Тілеріміз: екеуі де өлмесін,
Мәртебесі биіктесін, өрлесін.
Төртеу түгел, берекелі тел болсын,
Алауыздық дегенді жұрт көрмесін.
Қарағай мен Сексеуілдің тағдыры,
О, балалар бастарыңа келмесін!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері