Күн мен боран балладасы – Сәли Садуақас

Бұл бетте «Күн мен боран балладасы» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Үндемеуі сесі екен,
Сөйлеп кетті есекең:
– Ерте, ерте, ертеде,
Күн мен боран дос екен.
Күллі әлемге таралар,
Екеуі де – даналар.
Солар жайлы бір аңыз,
Айтып берем балалар.
«Өктемі боп жаралдым,
Он сегіз мың ғаламның».
Деп бір жылы өзгерді
Мінез-құлқы боранның.
Тынысы да ызғарлы,
Менменсіді, сызданды.
Ұлылықтың барлығын,
Күн досынан қызғанды.
Есірткендей есірткі,
Өтірікті жосылтты.
Жан-жануар, тірліктің,
Барлығымен өшікті.
Ашқан сайын аранын,
Шаңын қағып даланың.
Маза бермей тірлікке,
Еліріпті бораным.
Тұлан болып тұтылып,
Обырланып, жұтынып,
Соқтығыпты еліріп,
Көрінгенге құтырып.
Демей ерте, кеш пе екен,
Ұлитұғын сесті екен.
Атаққұмар, аптықпа –
Даңғой әрі бөспе екен.
Кезіп орман арасын,
Шығарыпты додасын.
Кетіріпті қысы-жазы,
Адамзаттың мазасын.
«Қой!» дегенге көнбепті,
Ақыл айтса сенбепті.
Билеймін деп жар сапты,
Бағындырып жер-көкті.
Көлдәрия ақылы,
Бар тірліктің жақыны –
Күн келіпті шыдамай,
Боранды іздеп ақыры.
Оған да оңай көнбепті,
Кеңесіне сенбепті.
«Билемексің жер-көкті,
Жалғыз ғана сен» депті.
Сабырлы да салмақты,
Күннің тілін алмапты.
Астаң-кестең қылыпты,
Ой мен қырды, жан-жақты.
«Ибалы тіл қатумен,
Табу қиын ақыры ем».
Деп мынаған, күн енді,
Алмақ болды ақылмен.
Амал ойлап татымды,
Ой қазанын сапырды.
Келесі күн қонаққа,
Боран досын шақырды.
Тығып ішке мойынын,
Жиды сәтке «ойынын»
Біледі екен ас-тұзды,
Қадірлеуді дойырым.
Мінезі тез өзгерді,
Өзгергенін көз көрді.
Бұлданбады, күн досы,
Шақырғанда тез келді.
Тарай қалды салқыны,
Тынышталды, балқыды.
Дастарқаннан аста-төк,
Ішті-жеді, шалқыды.
Жоспары бар бастағы,
Күн де асып-саспады.
Келгенде бір ыңғайы,
Байыппен сөз бастады;
– Тілесетін есендік,
Ежелден біз дос едік.
Жақсы-жаман күндердің,
Бәрін көріп, төселдік.
Тірлікке нәр бермекке,
Құштар болдық еңбекке.
Енді бүгін өктемдік,
Етем дейсің жер-көкке.
Барған жерің салқындар,
Боран деген даңқың бар.
Қожа болмақ жер-көкке,
Ойың болса, шартым бар:
– «Майдан–анау төбеміз,
Ертең түсте келеміз.
Сонда өнер көрсетіп,
Күш сынасып көреміз.
Амалият – төреші,
Бәлкім, күшпен жеңесің.
Ал, жеңілсең, табанда.
Айтқаныма көнесің.
Құрметтесең досыңды,
Құп көресің осымды!»
Деген еді күн сұлу,
Боран дереу қосылды.
Ертесі түс болғанда,
Келді екеуі майданға.
Сонадайда жол жатты,
Иір-иір, айланба.
Мидай жазық алабы,
Кезіп жалпақ даланы.
Ішік киген, бел буып,
Бір жолаушы барады.
Боранда жоқ түйсіну,
Секем алу, күрсіну.
Сонда былай тіл қатты,
Жібек мінез күн сұлу:
– Жадаулау сырт пішіні,
Жалба-жұлба ішігі.
Шыққан ұзақ сапарға,
Көрдің бе, анау кісіні?
– Көрдім!
– Көрсең пысығым,
Кереметін күшіңнің –
Көрсеттағы, жұлып ал,
Үстіндегі ішігін.
– Осыдағы сөзбе екен,
(Анау кісің кезбе екен)
Ішік тұрғай, өзін де,
Ұшырмайтын ез бе екем! –
Деп бораным ышқынды,
Қатуланды, ысқырды.
Жетіп келіп лезде,
Жолаушыға күш қылды.
Дүлейімнің кеуделі,
Бойын ашу кернеді.
Етек-жеңін ішіктің,
Аралады, кеуледі.
Жегіқұрттай жемірім,
Қайтармады тебінін.
Жұлқылады аюдай,
Жолаушының өңірін.
Бірақ, кісім саспады,
Ықтасынға қашпады.
Қаусырынып, қымтанып,
Алға қадам тастады.
Етемін деп өлексе,
Дойырланды ерекше.
Етегінен ішіктің,
Тістеледі төбетше.
Бірақ, кісім бықпады,
Қасірет–мұң жұтпады.
Өктемдіктің алдына,
Жігер туын жықпады.
Кидірмек боп кебінін,
Тездетсе де тебінін.
Шешпек түгіл бір жерін,
Жырта алмады терінің.
Соқты боран не түрлі,
Ширады адам, бекіді.
Ішік емес кигені,
Өз терісі секілді.
Соқса да көкбеттеніп,
Жұлсадағы кектеніп.
Қалыпты ішік адамның,
Етіменен ет болып.
Алақұйын албасты,
Ақыл алмай алжасты.
Ақырғы рет амалсыз,
Жағалыққа жармасты.
Оған да адам көнбеді,
Дүлейге ырық бермеді.
Мың құбылып тисе де,
Еш нәтиже өнбеді.
Жеткенінше құрығы,
Сілтеп боран ұлыды.
Шеше алмады ішікті,
Діңкесі әбден құрыды.
Тасқа тиген шоқпары,
Табиғаттың сотқары.
Ақыры енді діңкелеп,
Амалсыздан тоқтады.
Қуанышқа сүйсіну,
Қам қайғыға күрсіну –
Әдеті еді, тіл қатты,
Енді былай күн сұлу:
– Алмаған ең тілімді,
Білдің бе енді мініңді?!
Мойындасаң кешірем,
Айыбыңды бұрынғы.
Ана адамға бас қайғы,
Саған құшақ ашпайды.
Ал, мен барсам ішігін,
Өзі ақ шешіп тастайды.
Сәндендірер тірлігін,
Мен ол үшін нұрлымын.
Бәлкім, бұған сенбессің,
Көр, қанеки шындығын!
Деді-дағы күн жарық,
Шыға келді қырланып.
Кетті лезде күллі әлем,
Көңілденіп, нұрланып.
Жан-жануар жердегі,
Жадырады, терледі.
Табиғаттың құшағын,
Шаттық, думан кернеді.
Нұрға тірлік кенелді,
Ашылды аспан, көгерді.
Құстар қағып қанатын,
«Дүр-дүр» ұша жөнелді.
Бірақ, кісім саспады,
Көлеңкеге қашпады.
Үстіндегі ішігін,
Өзі-ақ шешіп тастады.
Табыстарға сүйсіну,
Сәтсіздікке күрсіну –
Әдеті еді, тіл қатты,
Енді былай күн сұлу:
– Сенбе, иәки, сен, мейлі,
Шындық оты сөнбейді.
Адам көңілі ешқашан,
Сүркейлікке көнбейді!
Сенбе, иәки, сен мейлі,
Шындық оты сөнбейді.
Адам еркі тылсымның,
Қылжағына көнбейді.
Болса да алды құзар тік,
Қалса да арты мұнартып.
Ың-дыңы жоқ өмірді,
Сүйеді адам құмартып.
Басқан ізін шұбалтып,
Өтер тарих – уақыт.
Қашан да біл мейірім,
Қастандықтан мың артық.
Сен барғанда долданып,
Қалмады адам қорланып.
Ышқындың да күш қылдың,
Не бітірдің зорланып?
– Мен барып ем жақтырды,
Ән қанатын қақтырды.
Жылуыма сүйсініп,
Ішікті өзі-ақ лақтырды.
Озбырлықпен ұрынып,
Не бітірдің жұлынып.
Қайда болса жылылық –
Сонда деп біл ұлылық!
Ұқ осыдан парықты.
Деп күн сұлу байыпты.
Түсіріпті боранды,
Бір дағдыға қалыпты.
* * *
Содан бері сан дәуір,
Өтті бәлкім, таңда бұл –
Сол себепті шығар-мыс,
Қатты боран шанда бір...
Күн – тірліктің сүйгені,
Аймалаймыз күнде оны.
Қара боран бүгін де,
Сүркейліктің символы.
Күллі әлемге таралар,
Күннен өмір нәр алар.
Аялаңдар мейірмен
Жылылықты, балалар! ...

Желтоқсан, 1991 жыл


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері