Ала бұзаудың зары

Бұл бетте «Ала бұзаудың зары» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сүп-сүйкімді денеммен,
Туғанымда енемнен,
Екі күн бе, үш күн бе,
Сары уызға кенелгем.

Қам-қайғы жоқ ойымда,
Әуестенгем ойынға.
Аптадан соң мойыншақ,
Тағылды кеп мойынға.

Шыркөбелек айналдым,
Сүйрелдім де, айдалдым.
Ақыр келіп қазыққа,
Тырыстырып байландым.

Шыбық осып денемді,
Ұқтым зорлық дегенді.
Шал айдайды өріске,
Әр күн таңнан енемді.

Шөп болған соң қорегі,
Енемде оған көнеді.
Мөңіретіп мені ерте,
Үйден ұзай береді.

Ал, қара шал саспайды,
Мені шеше бастайды.
Таяқ сілтеп, тас атып,
Бір жаққа айдап тастайды.

Аш қалсам да сезбейді,
Жамырасам төзбейді.
Сондықтан да шал-кемпір,
Кезек-кезек көздейді.

Жалғыздықты сеземін,
Талай жерді кеземін.
Көрем кеште енемді,
Талғанда әбден өзегім.

Ұмтылсам да сайланып,
Еме алмаймын жайланып.
Енем ий бергенде,
Қалам қайта байланып.

Сүтті көріп көпес боп,
Шал сөйлесе кекештеп,
Кемпірі, енем желінін,
Созғылайды төпештеп.

Соғанда азап шегемін,
Түсінерсің себебін.
Қара кемпір екі уақ,
Толтырады шелегін.

Құсалапнып осымен,
Өлмейтін күн кешірем.
Бұйырмайды бірақ та,
Тиеселі несібем.

Демейді қыс, жұт келед,
Ындындары тіпті ерек.
Шал-кемпірге мен емес,
Ішер айран, сүт керек.

Демейді алда жұт келед,
Талаптары тіпті ерек.
Шал-кемпірге біз емес,
Қазір май мен құрт керек!

Толмайтыным өлшемге,
Беп-белгілі көрсеңдер.
Тоймақ тұрғой осы кез,
Өкінбес-ау, өлсем де?!

Бірақ жанды қимаймын,
Өзімді-өзім қинаймын.
Өтіп кетті осылай,
Ала жаздай күй-жайым.

Көрмесе де бізді жау,
Келіп қалған күз мынау.
Құрыстырып барады,
Өн-бойымды мұз-қырау.

Суық қарып етімді,
Зықымды әбден кетірді.
Кейпім осы көрсеңдер,
Тізген сүйек секілді.

Не амал бар мұндайда,
Батады осы шымбайға.
Шал-кемпірге айтуға,
Мен байқұста тіл қайда?

Еті үйренген мұндайға,
Шал-кемпір сөз тыңдай ма?
Біле алмадым бүрісіп,
Енем байқұс жүр қайда?

Мәйексізбін, қорқақпын,
Келмейді әзір нәр татқым.
Білмей тұрмын осы қыс,
Тулақпын ба, торпақпын?!…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері