Отыз жыл

Бұл бетте «Отыз жыл» атты Шаяхмет Қалиұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Отыз жыл маған не берді,
Бермеді дейсің нелерді…
Парасат, пайым тереңнен,
Ойларды берді кемелді.

Селдетіп сөздің бұрқағын,
Әнімді еркін шырқадым.
Қиырға тартып қиялдың,
Жүйткіттім жүйрік тұлпарын.

Құрдымға кетіп тылсым күн,
Арманның құсын ұшырдым.
Өксікпен өткен өмірдің,
Оңалған шағын түсіндім.

Дініме таза оралдым,
Тілімді түзеп оңалдым.
Орнына қайта жайғасты,
Жойылып кеткен жоралғым.

Татқаным жоққой бекер мұң,
Бодауын оның өтер кім?
Үш ғасыр езген еңсемді,
Егемен елмен көтердім.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері